сұхбат алу кезінде коронавирусты жұқтырып алмау жолдары айтылды

0

Ресейлік микробиолог SputnikPro ағарту жобасының «Коронавирус жайлы қалай сауатты және жылдам жазу керек» тақырыбындағы онлайн-сессиясында сөз сөйледі, оған қазақстандық БАҚ өкілдері қатысты

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Коронавирус таралып жатқанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қандай алдын алу шараларын сақтау керектігін Мәскеу мемлекеттік университеті биология факультетінің түлегі, «Маяк» радиосындағы «Микромир» бағдарламасының жүргізушісі Евгений Плисов айтып берді.

Плисов қатысқан вебинар SputnikPro журналистеріне арналған арнайы оқу семинарлары жобасы аясында өтті. Оған қатысушы ретінде он елден 140-тан астам журналист тіркелді, оның ішінде Қазақстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения, Молдова, Абхазия, Осетия бар.  


©
Sputnik / Владимир Трефилов

Биолог Евгений Плисов

«Профилактика үшін белгілі бір қашықтықтықты сақтап сұхбат алу керек. Микрофонды, диктофонды ұстап, жақын жерде тұрудың қажеті жоқ. Микрофонды қойып, спикерден бір-екі метр аулақ тұруға болады. Бұл ыңғайсыз, бірақ алдын-алу шарасы. Мүмкін болса, онлайн режимде сұхбаттасқан жөн», — деді ғалым.

Ол індетті жұқтырмаудың ең тиімді тәсілі науқас адаммен тікелей қарым-қатынаста болмау екендігіне сенімді.

«Коронавирусты қызылша немесе желшешек секілді ауа арқылы жұқтыру өте қиын. Көп жағдайда науқаспен тікелей байланыс жасағанда жұғады. Сондықтан сүйісіп, құшақтасып, қол алысып амандасудың қажеті жоқ», — деді Плисов.  

Сонымен қатар, ғалым дені сау адамдарды бетперде қорғайды дегенге күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, бетперде, ең алдымен, басқаларға жұқтырмау үшін науқасқа қажет.

«Бетперде сау адамға көмектеспейді, оның үстіне адамдар оны дұрыс кимейді. Егер дені сау адам көшеде бетперде киіп жүрсе, онда ол ақымақтық. Оның еш пайдасы жоқ. Егер адам екі сағат сайын, дұрысы әр сағат сайын бетпердені ауыстырмаса, ол да ақымақтық болады. Өйткені бетпердегі қоршаған ортадағы бактериялар жиналады. Сондай-ақ, адамдар бетпердені дұрыс кимейтінін жиі байқаймын – ол бетке қонып тұрмайды, бітеу емес. Егер сақал болса, онда қарапайым бетперде пайдасыз, өйткені ауа еркін енеді», — дейді ол.


©
Sputnik / Айгуль Султанова

Евгений Плисов қатысқан SputnikPro ағарту жобасының вебинары

Микробиолог адамдардан қашық болу, карантиндік шаралар мен жеке гигиенаны сақтау аурудың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Өзіңді аурудан қорғау үшін қарапайым ережелерді сақтау керек: өз-өзіңді оқшаулау, гигиена, 20 секунд қолды дұрыс жуу, өз бетіңе, мұрныңа, көзіңе қол тигізбеу, себебі вирус көз арқылы да енеді. Вирус тері арқылы өтпейді. Алайда қол бетке тиетіндіктен вирус шырышты қабық арқылы өкпеге енеді», — деп түсіндірді Плисов.

Оның айтуынша, адам үйге келгенде бірінші кезекте қол жуу керек.

«Ештеңеге қол тигізбеңіз, туыстарыңызды құшақтамаңыз, үй жануарларына тиіспеңіз. Алдымен қолыңызды жуып, содан кейін қалғанын жасайсыз», — деп бөлісті ол.

Осы қарапайым шараларды сақтамау вирустың тез таралуына көмектестеді.  

SputnikPro ағарту жобасы туралы

SputnikPro – халықаралық Sputnik ақпарат агенттігі мен радиосының журналист, студент, баспасөз қызметі мен медиа саласында жұмыс істеп жүрген  маман иелеріне арналған жоба. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу әрі медиа саласында кәсіби байланысты нығайту.

2018 жылдың наурызынан бері оған 80 елдің өкілі қатысқан. SputnikPro шеберлік сағаттары мен семинарлары Әзербайжан, Армениядан Үндістанға, Грекиядан Қытайға дейін 22 елде ұйымдастырылды.

Sputnik халықаралық ақпарат агенттігі мен радиосы туралы

Sputnik – ірі халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының бірі, ол 33 тілдегі мультимедиялық интернет-сайттарды, әлемнің 90-нан астам қаласында және интернетте орыс, ағылшын, француз және басқа тілдердегі баламалы және цифрлық радиохабарды біріктіреді. Sputnik-тің жаңалықтар таспасы тәулік бойы әлемдегі жетекші басылымдарға ағылшын, араб, испан, қытай және парсы тілінде ақпарат жеткізеді.

Sputnik ақпарат ресурстарының аудиториясы айына 60 миллионнан астам адамды құрайды, Sputnik China аккаунты мен Вэйбо жазылушыларының саны 11 миллионнан асты.

Бейжіңнен Монтевидеоға дейін бүкіл әлем бойынша 22 редакциялық орталықта мыңнан астам адам жұмыс істейді. Sputnik «Россия сегодня» медиатобына кіреді. Sputnik-тің бас кеңсесі Мәскеуде орналасқан.



sputniknews.kz