Судан әскерилері Башир режимінің құлағанын жариялады

0

11 сәуірде Судан қорғаныс министрі Ахмед Авад ибн Ауф мемлекеттік телеарнадан мәлімдеме жасап, ел президенті Омар әл-Баширдің биліктен кеткенін мәлімдеді.

Ахмед Авад ибн Ауф телеарна арқылы 1989 жылы билікке келген Башир режимінің құлағанын жариялап, елді билік транзиті уақытында, яғни екі жыл көлемінде әскерилер басқаратынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Башир қамауға алынған. Әскерилер елде үш ай төтенше жағдай жариялады. Елдегі барлық әуежай 24 сағатқа жабылды. Ахмед Авад ибн Ауфтың мәлімдеуінше, Башир қол қойған 2005 жылғы Конституция күшін жояды.

Омар әл-Башир Суданды 1989 жылдан бері басқарып келген. Желтоқсаннан бері Суданда халық азық-түліктің қымбаттауына қарсылық білдірген. Наразылар елді 30 жыл басқарып отырған Баширдің биліктен кетуін талап еткен. Төрт айдан бері жалғасып жатқан наразылық кезінде алпыстай адам қаза тауып, жүздеген адам ұсталған.

Azattyq