Субсидиядан көмек көп

0
71

Алматыда барлығы 15 тасымалдаушы компания бар десек, соның біреуі ғана әкімдікке қарайды. Басқалары жеке серік­тестік негізінде жұмыс істейтін ұжым­дар. Мемлекеттік қолдау мұндай компаниялардың жаңа автобустар сатып алуына мол мүм­кіндік тудырып отыр. Бұл көліктер қысқы аязда жылы болса, жаз­дың аптап ыст­ығында желдеткі­ші бар, ең ба­с­тысы, экологияға еш зия­ны жоқ. Егде кісілер мен мүм­кін­­дігі шектеулі жандар­дың кіріп-шығуына да жағдай қарас­тырылған. Сарапшы­лар қазіргі кезде көлік саласында ашық нарықтық тетіктердің жұмыс істей бастағанын тілге тиек етеді. Мәселен, «Оңай» электронды төлем жобасы бастапқыда жұртшылықтың наразылығын тудырғанымен, тұрғындардың өзі де қазір жүйе тиімді нәтиже бере бастағанын мойындайды. Бұл тасымалдау саласындағы қар­ж­ының көлеңкелі тұсын жо­йып, қызмет көрсету сапасын ай­тар­лықтай жақсартқан. Жылжымалы құрам­ды жаңартып, арнайы жолақтар ашудың нәтижесінде шаһарда жолаушылар ағыны артып отыр.

Алматылық Манап Тоқ­ты­шақов соңғы уақытта қала аума­ғында тек қоғамдық көліктермен қатынайтынын айтады. «Бұрын жұмысқа жеке көлігіммен баратынмын. Қазір бұл тиімсіз. Біріншіден, автобусқа мінсең ұзын-сонар кептелектер кезінде көп бөгелмейсің. Қоғамдық көлік өз жолағымен заулай береді. Екіншіден, жұмыс орнымда арнайы тұрақ болмағандықтан, көлігімді қоятын орын таппай қиналамын. Паркомат аумағына қою тиімсіз, 7-8 сағат тұрғаны үшін едәуір ақша төлеуге тура келеді.

Экономист Атамұрат Шә­менов қалада көліктер санын азай­ту ісі қарқынды жүріп жат­қанын, десе де мұны басқа сала­ларға, тұрғындарға салқыны тимей­тін­дей етіп оңтайлы реттеу керектігін жеткізді. Сарапшының пікірінше, Ал­матының қоғамдық көлік қыз­ме­тіндегі жаңашылдықтарға оң баға беруге болады.

Алматылықтар тарапынан қоғам­дық көліктердің қызмет көр­сету сапасына қатысты сын-ескертпелердің жиі айтылып қалатыны жа­сы­рын емес. Бұл көбіне аялдамадан тыс жерлерге тоқтау, бір-бірімен жарысу, автобустың сыйымдылығына қара­мастан, жолаушыларды нығар­лап тиеп алу секілді ескертпелер еді. Осыны ескерген шаһар басшылығы проблеманы жоюға бел шеше кіріскен. Бұл ретте автобус жүргізушілерін даяр­лайтын қаладағы арнайы орта­лықтарды айрықша айта кет­кен жөн. Мұнда жүргізушілер жол жүру ережелерін пысықтап, оқыс оқиғалар орын ала қалған жағ­дай­да жолаушыларға медици­на­лық көмек көрсету ісіне машық­тан­дыра­тын түрлі психологиялық тре­нинг­­терден өтеді. Өткен жылдан бастап іске асқан цифрлы жүйе­нің көмегімен есеп айырысу кар­тасы үйде қалып қалған жағ­­дайда, жолақыны мобильді қо­сым­­ша арқылы да төлеуге болады.

Былтыр қалаға 479 жаңа автобус әкелінсе, тасымалдаушы компаниялар биыл тағы да 400-ге жуық жаңа көлік әкелу­ді жоспарлап отыр. Олар­дың сөзінше, шаһарда жолаушы­лар саны өткен жылдармен салыс­тырғанда айтарлықтай өскен. Бұл қоғамдық көлікке қатысты жаңа рефор­маның тиімді іске асқанын көрсетсе керек.

 Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/