Субсидиядан көмек көп
Алматыда барлығы 15 тасымалдаушы компания бар десек, соның біреуі ғана әкімдікке қарайды. Басқалары жеке серіктестік негізінде жұмыс істейтін ұжымдар. Мемлекеттік қолдау мұндай компаниялардың жаңа автобустар сатып алуына мол мүмкіндік тудырып отыр. Бұл көліктер қысқы аязда жылы болса, жаздың аптап ыстығында желдеткіші бар, ең бастысы, экологияға еш зияны жоқ. Егде кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына да жағдай қарастырылған. Сарапшылар қазіргі кезде көлік саласында ашық нарықтық тетіктердің жұмыс істей бастағанын тілге тиек етеді. Мәселен, «Оңай» электронды төлем жобасы бастапқыда жұртшылықтың наразылығын тудырғанымен, тұрғындардың өзі де қазір жүйе тиімді нәтиже бере бастағанын мойындайды. Бұл тасымалдау саласындағы қаржының көлеңкелі тұсын жойып, қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартқан. Жылжымалы құрамды жаңартып, арнайы жолақтар ашудың нәтижесінде шаһарда жолаушылар ағыны артып отыр.
Алматылық Манап Тоқтышақов соңғы уақытта қала аумағында тек қоғамдық көліктермен қатынайтынын айтады. «Бұрын жұмысқа жеке көлігіммен баратынмын. Қазір бұл тиімсіз. Біріншіден, автобусқа мінсең ұзын-сонар кептелектер кезінде көп бөгелмейсің. Қоғамдық көлік өз жолағымен заулай береді. Екіншіден, жұмыс орнымда арнайы тұрақ болмағандықтан, көлігімді қоятын орын таппай қиналамын. Паркомат аумағына қою тиімсіз, 7-8 сағат тұрғаны үшін едәуір ақша төлеуге тура келеді.
Экономист Атамұрат Шәменов қалада көліктер санын азайту ісі қарқынды жүріп жатқанын, десе де мұны басқа салаларға, тұрғындарға салқыны тимейтіндей етіп оңтайлы реттеу керектігін жеткізді. Сарапшының пікірінше, Алматының қоғамдық көлік қызметіндегі жаңашылдықтарға оң баға беруге болады.
Алматылықтар тарапынан қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасына қатысты сын-ескертпелердің жиі айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл көбіне аялдамадан тыс жерлерге тоқтау, бір-бірімен жарысу, автобустың сыйымдылығына қарамастан, жолаушыларды нығарлап тиеп алу секілді ескертпелер еді. Осыны ескерген шаһар басшылығы проблеманы жоюға бел шеше кіріскен. Бұл ретте автобус жүргізушілерін даярлайтын қаладағы арнайы орталықтарды айрықша айта кеткен жөн. Мұнда жүргізушілер жол жүру ережелерін пысықтап, оқыс оқиғалар орын ала қалған жағдайда жолаушыларға медициналық көмек көрсету ісіне машықтандыратын түрлі психологиялық тренингтерден өтеді. Өткен жылдан бастап іске асқан цифрлы жүйенің көмегімен есеп айырысу картасы үйде қалып қалған жағдайда, жолақыны мобильді қосымша арқылы да төлеуге болады.
Былтыр қалаға 479 жаңа автобус әкелінсе, тасымалдаушы компаниялар биыл тағы да 400-ге жуық жаңа көлік әкелуді жоспарлап отыр. Олардың сөзінше, шаһарда жолаушылар саны өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Бұл қоғамдық көлікке қатысты жаңа реформаның тиімді іске асқанын көрсетсе керек.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ
Дереккөз: http://egemen.kz/