Су туралы қызықты 15 мәлімет — Қазақстан жаңалықтары

0

22 наурыз – дүниежүзілік су ресурстары күні. Су – планетадағы ең қарапайым және ең танымал зат. Бірақ сонымен бірге, суда көптеген құпиялар жасырынып жатыр. Ғалымдар су туралы көбірек қызықты деректер таба отырып, әлі де суды зерттеуін жалғастырып келеді, деп жазады Stan.kz.

Су туралы қызықты 15 мәлімет

22 наурыз – бүкіл дүниежүзі су күнін атап өтеді. Бұл мереке БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен, адамзатқа су ресурстарының қоршаған орта мен қоғамның дамуында маңызды рөл атқаратынын еске салу үшін қабылданған болатын.

Қазіргі уақытта біздің планетамыздың 70%-ын су басып жатыр. Дегенмен, осы судың тек 1%-ын ғана ішуге болады. Сонымен қатар, жыл сайын су ресурстарын пайдалану мәселесі де күшейе түсуде. Соңғы 50 жыл ішінде, әлемде судың жетіспеушілігіне байланысты 507 қақтығыс болды. Ал, суға байланысты туындаған 21 дау-дамайдың арты соғыс әрекеттерімен аяқталды.

Судың – планетадағы ең қарапайым және ең танымал зат екені бәріне белгілі. Бірақ сонымен бірге, су өзінде көптеген құпияларды жасырып жатыр. Ғалымдар су туралы көптеген қызықты деректер тауып, әлі де суды зерттеулерін жалғастыруда.

1.    Ең таза су – Финляндияда.

ЮНЕСКО-ның мәліметінше, әлемдегі ең таза су Финляндияда. Ал жалпы, табиғи таза суды анықтау үшін жүргізілген зерттеуге барлығы 122 ел қатысты. Сонымен бірге, бүкіл әлемде 1 миллиард адам қауіпсіз суға қол жеткізе алмай отыр.

2.    Мұзды – суық судан емес, ыстық судан алған әлдеқайда жылдамырақ.

Қандай су мұзға тез айналады: ыстық па, әлде суық  па? Егер қисынды пайымдау жасасақ, онда, әрине, мұзды суық судан алған жылдамырақ. Өйткені, ыстық су мұз болып қату үшін алдымен сууы керек, ал суық суды суыту қажет емес. Дегенмен, тәжірибелер суық емес, дәл ыстық судың мұзға жылдам айналатын көрсетіп отыр.

Ыстық судың суық суға қарағанда неліктен тез мұзға айналатындығы жайлы сұраққа әлі нақты жауап жоқ. Мүмкін, бұл ыстық судың қатты сууында, булануы немесе мұз қалыптасуында, конвекцияның, я болмаса сұйылтылған газдардың ыстық және суық суға әсерінен болатын шығар.

3.   Өте қатты суық су болады.

Әрбір адам мектепте оқыған физика сабағынан судың 0 градуста қататынын және 100 градуста қайнайтынын біледі. Алайда, тым қатты суық су да болады. Мұндай қасиетке ешқандай қоспасыз алынған, өте таза су ие. Тіпті, ең төменгі салқындықта да, мұндай су сұйық болып қалады. Бірақ, екі жағдайда да судың мұз болып қататын немесе қайнайтын температурасы болады. 

4.     Судың 3-тен астам жағдайы бар.

Барлық адам мектеп кезінен судың 3 агрегатты күйі бар екенін біледі, яғни сұйық, қатты және газ тәрізді. Дегенмен, ғалымдар судың сұйық түрінде 5 түрлі күйі және мұздатылған түрде 14 жағдайы бар екенін анықтады.

5.    Су әйнек секілді.

Мұздатылған таза суды алып, оны ары қарай суыта берсе не болады? Мұндай кезде су керемет өзгерістерге ұшырайды. Минус 120 градус Цельсияда су ультра тұтқыр немесе қоймалжың болады, ал минус 135 градустан төмен температурада ол «әйнек» суға айналады. «Әйнек су» — бұл әйнек секілді кристалдық құрылымы жоқ қатты зат.

6.     Су – тіршілік нәрі.

Су – тіршіліктің негізі. Барлық тірі жануарлар мен өсімдіктер судан тұрады. Соның ішінде жануарлар – 75%, балық – 75%, медуза – 99%, картоп – 76%, алма – 85%, қызанақ – 90%, қияр –  95 %, қарбыз – 96%. Тіпті адамдар да судан тұрады. Жаңа туған нәрестенің денесінің 86% -ы су болса, егде жастағы адамдардікінде 50% -ға дейін су болады.

7.    Су – ауру тасымалдайды.

Су өмір сыйлап қана қоймай, сондай-ақ онымен қош айтыстыра алады. Әлемдегі барлық аурулардың 85% -ы су арқылы беріледі. Ал жыл сайын осы аурулардан 25 миллион адам қайтыс болады.

8.    Адам – сусыз өмір сүре алмайды.

Егер адам дене массасындағы судың 2%-ын жоғалтса, онда ол қатты шөлдей бастайды. Егер ол 10 пайызға дейін жоғарыласа, адамның көзіне түрлі нәрселер елестей бастайды, яғни галлюцинация басталады. Ал 12%-ын жоғалтса адам дәрігердің көмегінсіз қалпына келе алмайды. Егер, дене массасындағы судың 20%-ын жоғалтса адам өледі.

9.    Тұщы судың ең көбі – мұздақтарда болады. 

Су қай жерде көп? Көпшілігі дүниежүзілік мұхиттарда көп деп ойлайды. Дегенмен, шын мәнінде, су Дүниежүзілік мұхитқа қарағанда Жер мантиясында 10-12 есе көп. Сонымен қатар планетадағы судың барлық массасы ішуге жарамайды. Біз тек  планетамыздағы 3% суды ғана іше аламыз. Яғни, біздегі тұщы су қоры 3% пайыз. Бірақ, бұл 3% судың көп бөлігі мұздықтарда болғандықтан қол жетімді емес.

10.    Су – диета секілді әсер етеді.

Судың көмегімен артық салмақпен күресуге болады. Сусындардың ішінен тек суды ғана ішсе, рационның жалпы калориясы айтарлықтай төмендейді. Біріншіден, адам колориясы көп тәтті сусындар мен шырындарды ішуін тоқтатады. Екіншіден, су ішкеннен кейін шәй мен кофе ішкендегідей тәттілерге тәбет аса тарта бермейді.

11.    Су – жүректің жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі.

Су – жүрек ұстамасына шалдығу ықтималдығын азайтуға көмектеседі. Ғалымдар зерттеу барысында күніне шамамен алты стақан су ішетін адамдардың екі стақан ғана су ішетін адамдарға қарағанда жүрек ұстамасы қаупіне аз ұшырайтынын анықтады.

12.    Адам өмір сүру үшін 35 тонна су ішеді.

Адам сусыз ұзақ уақыт өмір сүре алмайды. Су қажеттілігі оттегінен кейінгі екінші орында тұрады. Адам азық-түліксіз алты апта күн кеше алса, сусыз 5-6 күнге дейін ғана өмір сүре алады. Жалпы адам өмір бойы шамамен 35 тонна су ішеді.

13.    Ең қымбат су қай жерде?

Су тегін болуы мүмкін және өте қымбат тұруы мүмкін. Әлемдегі ең қымбат су Лос-Анджелесте сатылады. Өндірушілер ph мәнімен және теңдестірілген дәмі бағалы сұйықтықты Swarovski кристалдарымен безендірілген бөтелкемен қаптайды. Ал мұндай судың 1 литрі 90 АҚШ доллары тұрады.

14.    Жанатын да су бар.

Судың қауіптісі де болады. Мысалы, Әзірбайжанда құрамында метан көп су бар. Сондықтан, оған сіріңге жағып лақтырса, ол жанып кетуі мүмкін. Ал Сицилиядағы көлдердің бірінде су қоймасының барлық суын улайтын оттегінің су асты қайнар көздер бар.

15.    Судың құрамында ақуыз бар.

Теңіз суы айтарлықтай қоректі негіз. Осындай 1 текше сантиметр судың құрамында 1,5 г ақуыз бен басқа да заттар бар. Ғалымдардың пайымдауынша, бір ғана Атлант мұхитының өзінде бүкіл жер шары бойынша бір жылда алынатын ақуыз бен қоректік заттар, яғни 20 мыңға жуық мөлшерде тағамдық құндылықтар бар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz