Стратегиялық маңызы бар қадам | «Айқын» газеті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы білім беру саласын дамытудағы басым бағыттарды айқындап берумен қатар, қазір назар аударуды талап ететін көкейкесті мәселелерді нақтылап көрсетті. Осы орайда, мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту, Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін тарату, педагог мәртебесін жоғарылату, балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп мектеп психологтарының жұмысын күшейту қажеттігі тапсырылған. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің өмірлік құндылықтарының қалыптасуында мектеп институтының маңызды рөлін ескерсек, педагог мәртебесін арттыру мен мектеп психологтарының кәсіби қызметін күшейту дер кезінде көтеріліп отыр.
Өкінішке қарай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, балалар арасындағы суицид бойынша Қазақстан алдыңғы ондыққа кіреді. Ал жастар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша бестікке кіріп отыр.
Жалпы мектептегі психологиялық қызметті жақсарту, әрбір баланың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қызылорда облыстық білім басқармасы қызметінің басты басымдықтарының бірі және Елбасы Жолдауында аталған мәселеге ерекше екпін қоюы осы бағыттағы жұмысқа ерекше қарқын беретініне толық сенім білдіреміз. Мәселен, 2015-2016 оқу жылында елімізде алғаш рет БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қорының қолдауымен Қызылорда облысының білім беру ұйымдарына «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» атты пилоттық жобасы енгізілген болатын. Жоба Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер министрліктерінің бірлескен бұйрығы негізінде іске асырылды. Негізгі жұмыс бағыты – мектеп психологтарын оқыту, арнайы дәрістер жүргізу, мектеп қызметкерлерін оқыту, ата-аналарға түсіндірме жүргізу, өмірлік қиыншылықтарға тап болған балаларға қолдау көрсету бағытындағы кешенді іс-шараларды қамтыды.
Бағдарлама жалпы психикалық денсаулықты жақсартудың тиімді тетігін қалыптастырды деуге әбден болады. Мәселен, Қызылорда облысы бойынша 2017 жылғы суицидтің деңгейі 2015 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге қысқарды, ал суицидқа ұмтылу 2,4 есеге азайды. Бағдарлама өз тиімділігін көрсеткеннен кейін Президент Әкімшілігінің 2016 жылғы желтоқсандағы тапсырмасымен Қызылорда облысының тәжірибесі республика көлемінде таратылып келеді.
Ал 2017 жылдан бері Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Bilim Foundation қоғамдық қоры аталған бағыттағы жұмыстарды «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы арқылы жалғастырып келеді. Мәселен, 2018 жылы қоғамдық қор Қызылорда облысы білім басқармасымен бірлесіп облыстың 805 педагог-психологына және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдеріне арнап «Денсаулық және өмірлік дағдылар» қалыптастыру бағытында біліктілік арттыру семинар-тренингтерін өткізді.
Сондай-ақ облыстың педагог-психологтары арнайы әзірленген әдістемелік құралмен қамтамасыз етілді. Әдістемелік құрал мектеп оқушыларына өмірлік дағдыларын қалыптастыруға көмектесетін алты модульден тұрады. Аталған курс мектеп оқушыларына физикалық және психикалық саулықты нығайту, өмірлік және тұлғааралық қатынас дағдыларын, репродуктивті денсаулықты сақтау және отбасын жоспарлау, кәсіпті саналы түрде таңдау, сыртқы ортаның әртүрлі қиындықтарына қарсы тұру қабілетін дамытуға ықпал етеді. Қазір тренингтерді сыныптан тыс шаралар мен тәрбие сағаттары барысында педагог-психологтар мен өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері жүргізуде.
Сонымен қатар облыстағы педагог-психологтарды тұрақты түрде әдістемелік қолдау мақсатында Білім басқармасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және т.б. ұйымдармен бірлескен іс-шаралар атқарып келеді. Яғни, балалардың тұлға ретінде қалыптасуына тікелей әсер ететін мамандардың біліктілігін арттыруда ғылыми негізделген әдіс-тәсілдерге басымдық беріледі. Балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын күшейтуде ата-ана мен қоғам рөлінің маңызын ескере отырып, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Педагогика және психология кафедрасының ғалымдарының қатысуымен «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасында «Психолог сағаты» айдарымен бейнесабақтар көрсетілімі жүруде.
Аталған іс-шаралар кешенінің жүзеге асуын балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын арттыру мақсатында жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік саясаттың жемісі деуге әбден болады. Мәселен, Ұлыбританиялық Itad компаниясы және БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры сарапшылары облыста білім беру саласында атқарылған жұмыстарды оң бағалап отыр. Тереңірек қарар болсақ, тәуелсіз сарапшылардың пікірін облыс көлемінде атқарылған жұмысқа берілген баға деп ғана емес, балалардың қауіпсіздігі мен психикалық дамуы бойынша мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқандығының көрсеткіші деп қабылдауға болады.
Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауында білім беру ұйымдарындағы педагог-психологтардың жұмысына көзқарасты өзгерту мәселесін көтеруі – өскелең ұрпақтың психикалық саулығын күшейтуге талпыныс ғана емес, салауатты ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар нақты қадам. Президентіміз Н. Назарбаевтың тапсырмасын тиімді жүзеге асыру мақсатында білім саласының қызметкерлері әрбір оқушының тұлғасымен танысуға, даму ерекшеліктерін анықтауға және оларға психикалық қолдау көрсету бағытында жұмыстарды жаңа леппен жалғастыра береді деп сенеміз.
Майра МЕЛДЕБЕКОВА,
Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы