Страсбургтегі атыста бірнеше адам қаза тапты

0

Францияның шығысындағы Страсбург қаласында сейсенбі күні кешке қарулы адам оқ атып, үш адам қаза тапты. 12 адам жараланды. Бұл жайлы Францияның ішкі істер министрі хабарлады. Оқиға қала орталығындағы Рождество жәрмеңкесінде болған.

Полиция күдіктіні іздеп жатыр. Құқық қорғау органдарының айтуынша, полиция қызметкерлері адамдарға оқ атқан адамды біледі. Оның бұрын қылмыс жасағаны жайлы мәлімет бар. Жергілікті қауіпсіздік агенттіктері оның күдікті экстремистер тізімінде болғанын айтады.

“Страсбургте қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға қатысты шаралар жүріп жатыр. Полиция тұрғындардан үйден шықпауын сұрады” деп жазды Twitter-де Францияның ішкі істер министрлігі.

Франция ақпарат құралдарының жазуынша, Страсбургте туып өскен 29 жастағы күдіктіні полиция 11 желтоқсанда таңертең ұрлыққа қатысы бар деп ұстамақ болған. Алайда ол үйінде болмаған.

AFP агенттігі белгісіз ақпарат көзіне сүйене отырып, оқиға болған маңды бақылаған полицейлердің күдіктімен атысып, оны жаралағанын жазады. Бірақ күдікті полицейлерден жасырынып, қашып кеткен.

Ішкі істер министрі Кристоф Кастанердің айтуынша, билік қалада қауіпсіздікке қатысты дабыл көтеріп, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейткен. Тек Страсбургте ғана емес, елдің басқа қалалары мен шекара аумағында да бақылау күшейген.

Жыл сайын жаңа жыл алдында Страсбург орталығында өтетін Рождество жәрмеңкесіне мыңдаған адам жиналады. Бұл туристер үшін ең танымал орындардың бірі.

Страсбургте орналасқан Еуропа парламентінде өтіп жатқан пленарлық сессия атысқа байланысты жабылып, ондағы депутаттар, қызметкерлер мен журналистер ғимараттан шыға алмай қалған. Олардың арасында Брюссельден келген жүздеген Еуропарламенттің өкілдері мен ресми тұлғалар да бар.

Франция президентінің кеңсесі Эммануэль Макронның жағдайдан хабардар екенін, ішкі істер министрі Кастанерді Страсбургке жібергенін хабарлады.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Страсбургте қаза тапқан және жараланғандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтап жатыр.

Францияда 2015 жылдан бері лаңкестер шабуылы жиілеген. Үш жыл бұрын қараша айында Парижде болған терактіден 132 адам қаза тапқан. Шабуыл үшін жауапкершілікті өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын экстремистік тобы мойнына алды.

Страсбургтегі атыс болған жерге арнайы жасақ өкілдері мен ішкі әскер жеткізіліп, терроризммен күрес бөлімі тергеу шараларын бастаған.

Дереккөз: Азаттық