StopMusor: Қазақстанның әрбір азаматы қалдықтарды азайтуға өз үлесін қосуы тиіс

0
33

COVID-19 пандемиясының салдарынан халықтың жаппай оқшаулануына қарамастан, Қазақстан қалаларында қоқыс шығару қарқыны артты. Жақында «Қазақстандағы қалдықтармен жұмыс істеу: практикалық мәселелер» онлайн-конференциясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру және жаңа Экологиялық кодекстің ерекшеліктері талқыланды. Іс-шараны StopMusor әлеуметтік жобасы шеңберінде Қазақстанның Экологиялық ұйымдарының қауымдастығы ұйымдастырды.

Бурабай курорттық аймағының, Көбейтұз көлінің және табиғи ұлттық парктердің ластану жағдайларынан туындаған қоғамдық резонанс халық арасында экологиялық тәрбиенің маңыздылығын көрсетті. Ал қалдықтарға көңіл бөлу – бүгінгі күні біздің экологиямыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындарының онлайн-сауалнамасына сәйкес, әрбір екінші адам қоғамдық орындарда ұсақ тұрмыстық қалдықтармен жиі кездеседі.

Қазақстанның Экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьеваның пікірінше, әрбір азамат қалдықтарды азайтуға өз үлесін қосуы тиіс және StopMusor жобасы осыған көмектесе алады.

«StopMusor жобасы азаматтар арасында тұрмыстық қалдықтарға көңіл бөлу мәдениетіне сауатты тәрбиелеуге ғана емес, қазіргі экологиялық проблемаларды шешуге де бағытталған. Жоба аясында мобильді қосымша және stopmusor.kz арнайы сайты құрылды, онда әр тұрғын өз қаласындағы рұқсат етілмеген қоқысқа немесе өзге экологиялық проблема бойынша шағым түсіре алады. Барлық өтінімдер Қауымдастыққа келіп түседі және мәселені одан әрі шешу үшін тиісті органға жіберіледі», – деді Айгүл Соловьева.

Экология министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов бүгінгі таңда қазақстандықтарды қоршаған ортаның жай-күйі көбірек толғандыратынын, бірақ біз қалдықтарды ұқыпты пайдалануда адамдардың санасын өзгерте алмайынша, жыл сайын мыңдаған стихиялық қоқыс орындары анықталатынын атап өтті. Атап айтқанда, өткен 2020 жылы 8 800-ге жуық рұқсат етілмеген қалдық орындары анықталды.

«Заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық Кодексте қоқыс шығаратын көлікке GPS-бергіштерін міндетті түрде орнату, қалдықтарды тасымалдау үшін хабарлама жасау тәртібі және қауіпті қалдықтарды лицензиялау мәселелері қарастырылған. Осылайша, аталған нормалар экологиялық жағдайды түбегейлі жақсартуға түрткі болып, халықты қолайлы қоршаған ортамен қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Ахметжан Пірімқұлов.

Вице-министрдің айтуынша, еліміздің 204 қаласы мен өңірлерінде әртүрлі деңгейдегі ТҚҚ бөлек жинау 94 пунктте, ал сұрыптау – 80 елді мекенде енгізілген. Қатты қалдықтар Нұр-Сұлтан, Шымкент және Жаңаөзендегі зауыттарда, сондай-ақ 218 шағын және орта бизнес кәсіпорындарында сұрыпталып, қайта өңделеді. Сонымен қатар, елдегі полигондардың тек 18%-ы санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

«Біз мереке өткізгенде таныстарымыздан біреуді шақырмасақ, онда бұл  ұят, ал қоқысты қоқыс жәшігінің жанынан лақтырып тастауда еш әбестік жоқ, өйткені оны әкімдік тазалайды, барлығы осылай ойлайды. Яғни, адам бұл оның елі, оның жері екенін түсінуі керек және ол бүгін тасталған қоқыс оған емес, болашақ ұрпаққа жасалған нұқсан екенін ұғынуы керек», – деп атап өтті эко-белсенді және қоғам қайраткері Шасалим Шагалимов.

Жаңа Экологиялық кодексте өндіріс және тұтыну қалдықтары мәселелері халықаралық талаптарға сәйкес келтірілген. Кодекс қалдықтардың пайда болуын, қайта пайдаланылуын, қайта өңделуін, утилизациясын барынша азайтуға бағытталған қалдықтардың иерархиясын көздейді. Сондай-ақ, халық қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаудың, тұрмыстық қатты қалдықтарды жоюдың және қоқысты бөлек жинаудың ұтымды жүйесі туралы хабарланады. Осы нормалардың барлығы экологиялық ахуалды түбегейлі жақсартуға және халық үшін қолайлы жағдайлар жасауға түрткі болуға тиіс.