STEM – идеялардың қайнаркөзі | «Айқын» газеті

0

Елбасы Жолдауында орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу процесі 2021 жылы аяқталатынын айтты. Жаңаша білім беру бағытында көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «Нұр Отан» партиясы мен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен қолданысқа енген – STEM платформасы.

 

 

«Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3D принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымы бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісін құру қажет. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кеңжолақты интернетке қосу, мектептерді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет. Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушылардың видеосабақтары мен видеолекцияларын интернет арқылы насихаттаған жөн. Осылайша, шалғай елдімекендердегі білім ордалары озық білімге қол жеткізеді».

Жаратылыстану ғылымы, есеп-қисап, жаңа технологиялар, инженерия ең басты академиялық салаларды бөле жармай  бірге дамыту – заман талабы. STEM (S – science – жаратылыстану ғылымы, T – technology – технология, Е-engineering  – инженерлік, М-mathematics – математика), яғни ғылым, технологиялар, инженерлік, матиматика ұғымдарынан құралған. STEM ұғымын ең алғаш рет 1990 жылы  америкалық бактериолог Р.Колвэлл ұсынған. Жоба тек 2000 жылдардан бастап кең тарады. Қолданушылардың қатары артты. Бүгінде STEM – әлемдік білім берудің басты тренді. Технология қарқынды дамыған сайын жаңа мамандықтар пайда болды. STEM мамандарға сұраныс та жоғары.

 

Жаңа платформаның жаңалығы неде, пайдасы қандай STEM жобасын жүзеге асырушы Мағжан Қыстаубаев пен модератор-педагог Батыр Жәнібек талқылады.

Мағжан ҚЫСТАУБАЕВ, STEM зертханасының ғылыми-зерттеулер бойынша директоры:

STEM мамандарға сұраныс көбейеді

– STEM  платформасын жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясы мен Білім және ғылым министрлігі қолдау білдіріп отыр. Алғашқы екі жылда үйірме ретінде сынақтан өткіздік. Соңғы екі жылда STEM платформасын мұғалімдер кеңінен қолдануда. Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысында – 15, Жамбыл облысында – 13, Астана, Ақмола, Алматы қаласы және облысында – 15, Талдықорған  мен Павлодарда – 7, Қостанайда – 6, Ақтөбеде – 4, Қарағандыда 8 STEM платформа жасақталды. Үлкен қалалардағы мектептерде STEM зертханасы үшін қажетті кабинет, құрал-жабдықтар, құрылғылар жеткілікті болғанымен, ауылдағы білім ошақтарында проблема шаш етектен. Біріншіден, STEM платформасын жетік білетін мамандар жетіспейді. Екіншіден, зертханаға лайық кабинеттер тапшы. Жобаны жүзеге асырумен қаладан шалғай жатқан елдімекендерге барғанда байқағаным, компьютерлік сыныптар жетіспейді. Әсіресе, математика, химия, физика пәндерінің зертханасы жоқ. Мектептер жоғары жылдамдықтағы сымсыз интернетке қосылмаған. Мысалы, Қарағанды облысының Атасу елдімекеніндегі мектепте зертханаға қажетті кабинет жетіспейді. Лингафон кабинеттері ғана бар. STEM онлайн технология болғандықтан, оны пайдалануға ноутбук, гаджет, смартфонды қолдануға болады. 3D принтер болса, оның көмегімен жаңа дүние жасап шығаруға мүмкіндік көбейеді.

 

 

STEM платформасына қажетті құрылғылар әр пәнде әртүрлі. Мәселен, геометрияға қажет көзілдірктерді басқа пәнде оқушы көп қолданбайды. Физикада дайын өлшемдерді енгізген оқушылар жаңа затты құрастырып шығара алады. Барлық процесті бейнелі түрде көре алады. Көз алдында жасалған дүниелер теориядан гөрі оқушыға түсінікті. Баланың пәнге деген қызығушылығы да артады. STEM  платформасының нұсқаулығын қолдану оңай болсын деп ағылшын тілінен қазақ, орыс тілдеріне аудардық. Ағылшын тілін жетік меңгерген мұғалімге STEM-де жаңа тәсілдер жасау оңай. Өйткені платформада негізгі құрылымдардың атаулары ағылшын тілінде. Бұл жобаның артықшылығы – мұғалім сабақты онлайн қадағалайды. Бала негізгі білімді порталдан алады. Түсінбегенін мұғалімнің көмегімен жетілдіріп отырады. Биыл Астана қаласындағы №66 мектептің 2-10 сыныптарына тәжірибе ретінде қолданысқа енгіздік.

 

Бағасы 5 миллион теңгеден басталады

Мектептерде жаратылыстану пәндерінде STEM  платформасын қолдану үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 5 миллион теңгеден басталады. Зертхананың шығынын жергілікті қалалық, аудандық білім басқармалары төлейді. Жетім балаларға арналған мектеп-интернаттағы STEM зертханасын жеке кәсіпкерлер жабдықтап берді. Жаңа технологияны қолдап отырған азаматтарға алғысымыз шексіз.

 

Тұңғыш рет ІТ олимпиада өткіздік

STEM  платформасы енгізілгеннен бері нәтижесін білу үшін Қазақстанда тұңғыш рет STEM олимпиада өткіздік. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен ІТ олимпиадаға жалпы 5000 адам қатысты.  Мысалы, Астанадағы №66 мектепте өткен қалалық байқауға 17 мектептен ұзын саны 27 команда қатысты. Олимпиадада 100-ге тарта оқушының қарым-қабілеті, ой ұшқырлығы сарапқа салынды. Оқушылар «Смарт сити», «Ақылды қоқыс жәшіктері» жобаларын ойлап шығарған. «Ақылды қоқыс жәшіктерінің» артықшылығы арнайы датчиктің көмегімен жәшіктің қоқысқа қаншалықты толғанын біле алады. Меніңше, оқушылар қоғамға қажет әлеуметтік жобаларды ойлап табу арқылы еліміздің дамуына, өмір сүру көрсеткішін жақсартуға үлес қосады. Олимпиада жеңімпаздарына 3D принтерлер, робот техникасының жиынтықтарын бергеніміз де олардың қызығушылығын арттырды. STEM  олимпиаданы келер жылы да өткізу жоспарда бар.

Батыр ЖӘНІБЕК, Астана қаласы №83 мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі, ІІ санатты педагог-модератор:  

Бір күндік баға – білімнің көрсеткіші емес

– Әлемде төртінші технологиялық революция барлық саланы түбейгейлі өзгеріске ұшыратып жатыр. Робототехника, робот құрастыру, бағдарламалау, 3D принтерлермен жұмыс істеу – қазіргі мектеп оқушыларына жаңалық емес. Заманға сай білім алу тек теорияны практикамен ұштастырумен қатар зерттеу бағытына бет алды. Жаңа технологияларды физика пәнінде қолданудың артықшылығы көп. Оқушыларды жаңа дүние жасауға, ой-қиялын дамытуға, шексіз әлемге жол нұсқайды. Ғылым мен білімнің қыр-сырын терең меңгеруге машықтандырады.

 

Физика пәнінің мұғалімі табиғат құбылыстарын, заттың күйін, құрамын, жаратылыстың құпиясын қарапайым тілмен оқушыға жеткізе алуы керек. Физикада терминдер көп қолданылатындықтан, «физика – қиын пән» деген біржақты көзқарас қалыптасқан. Бұрын қазақ тілінде көрнекіліктер мен қосымша кітаптар жеткіліксіз болатын. Кейінгі жылдары физиканы түсіндіруге арналған кітаптар жарық көруде. Жаңартылған білім жүйесіне көшудің артықшылығы да бар, кемшілігі де жоқ емес. Қазір оқушыға күнделікті баға қойылмайды. Бағалау тәсілі өзгерді. Күнделікті баға қойылмаған соң, баға үшін оқитын оқушылардың құлшынысы төмендейтіні анық. Керісінше, білімге құштар балалар үшін жақсы мүмкіндік. Бір күндік баға – білімнің көрсеткіші емес. Меніңше, оқушыны бағалаудың жаңа әдісін ата-аналар дұрыс түсінуі тиіс. Баға үшін оқыған балада терең білім болмайды. Бір сабақта 30 оқушының бәрін бірдей бағалау мүмкін емес. Бес-алты оқушыны бағалаймын. Оқушылар баға үшін оқитын түсініктен арылғаны абзал. Сондықтан білім берудің жан-жақты үлгісін пайдаланудың ұтымды тұсы көп.

Жауабы дәлелденген тест тиімді

Уақыт үнемдеу үшін тесті қолдануға болатын шығар. Бірақ физикадан тесті түсіндіретін жазбаша емтихан болуы қажет. Сондықтан физикадан тесті жазбаша тапсырған дұрыс деп санаймын. Мәселен, Қытайда тестің жанында жауабын дәлелдеу үшін қосымша түсіндіру парағы болады. Оқушы бірінші тестен өзі дұрыс деп тапқан нұсқасын белгілейді. Бос жерге белгілеген нұсқасының дұрыстығын дәлелдеп жазады. Есеп болса, формулаға салып шығарады. Формуласын рет-ретімен жазып көрсетеді. Сол кезде баланың білім деңгейі, есепті шығара алатыны анық көрінеді. Есепті шығару жолы арқылы баланың білім деңгейін, тақырыпты меңгергенін, керісінше, түсіне алмағанын көре алады. Қазіргі тесте оқушы А,Б,С… әріптерінің бірін белгілегеннен білім деңгейі толық көрінбейді.

 

STEM – оқушының ойын жеткізуге таптырмас мүмкіндік

STEM  платформасын физика пәнінде қолдану тиімді. Себебі, оқушылардың ойлау қабілеті, ой ұшқырлығы, талдауға белсенді араласатындығы, құбылыстың құпиясын ашуға талпыныстары күшті. Зерттеуге, жаңа ойлап шығаруға ынталы. Жаңаша білім берудің шетелдік әдістерін Қазақстандағы мектептерге енгізудің артықшылығы көп. Әлемдік білім беру процесінде кеңінен қолданыста бар әдісті, оның тиімді тұсын өзімізге икемдеп пайдаланғанымыз жөн. STEM  платформасы арқылы оқушы өз ойын анық, толық, талдап жеткізе алады. Оқушымен кері байланыс орнатуға таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Жаңалық ашуға ынтасы артады.  Оқушылар жаңа идеясымен қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады.

 

Майра ЖАНЫСБАЙ