СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 30 жастағы тұрғыны WhatsApp мессенджеріндегі статусына діни сипаттағы фотосуреттерді жиі қойып отырған.
Бұл туралы Айқын басылымы жазды.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында анықтап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің «ҚР діни қызметі және діни бірлестіктері туралы заңнамасын бұзу» бабы бойынша өндіріс қозғады. Сараптама қорытындысынан кейін жиналған материал сотқа жолданды.
Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ер адамға 35 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындалды.
«Діни сенім еркіндігі заңға қайшы келмеуі тиіс. Арнайы материалдарды шіркеулерде, мешіттерде және діни бағыттағы білім беру ұйымдарында не жергілікті атқарушы орган берген тиісті рұқсаты бар кітап дүкендерінде ғана таратуға болады. Діни кітаптарды жеке кітапханадан не басқа жолдармен таратуға тыйым салынған. Солтүстікқазақстандықтарды заңнама талаптарына мұқият болуларын сұраймыз», – дейді СҚО ПД ЭҚІҚБ бастығы Руслан Жарасбаев.
СҚО-да діни мазмұндағы әдебиетті сатуға рұқсаты бар дүкендердің саны – 15, оның 14-і Петропавлда, біреуі Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында орналасқан.