СҚО-да мас күйде көлік жүргізген әкім жұмыстан босатылды
Солтүстік Қазақстан облысы Чкалов ауылдық округінің әкімі рульге мас күйде отырып ұсталып, жұмыстан шығарылды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, оқиға 27 қаңтарда сағат 22.30 шамасында Көкшетау қаласында болған. Тәртіп сақшылары аулалардың бірінде «Лада 21713» көлігін тоқтатады. Рульде Тайынша ауданы Чкалов ауылдық округінің экс-әкімі Сәкен Сәдуақасов болған. Медициналық куәландыру оның мас болғанын көрсетті. Заңға сәйкес мемлекеттік қызметші 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін өрескел бұзған Сәдуақасовтың ісі әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Экс-әкім өз кінәсін мойындады.
«Тайынша ауданының әкіміне Чкалов ауылдық округінің әкімі С. Т. Сәдуақасовқа заңды күшіне енген сот актісімен дәлелденген Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамағаны үшін жұмысынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынамыз. Ол жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды бұзып, қоғамға жат мінез-құлыққа жол берді, жұмыстан тыс уақытта орташа дәрежеде мас күйінде автокөлікті басқарып, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндірді», — дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы Абзал Оразымбетов.
Бұл биылдыққа рульге мас күйде отырып, жұмысынан айырылған екінші ауылдық округ әкімі. Жалпы СҚО-ның әдеп жөніндегі кеңесінде жыл басынан бері онға жуық тәртіптік іс қаралды.
Мемлекеттік қызметшілердің бесеуіне тәртіптік жаза қолдану және төртеуін жұмыстан босату ұсынылды, біреуіне қызметтіне сәйкес емес деген шешім шығарылды. Бұған дейін Петропавлда 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған кәсіпорын басшысының 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік.