СҚО-да коронавирус жұқтырған науқас 36 адаммен байланыста болған — Қазақстан жаңалықтары

0

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус анықталған науқаспен байланыста болған адамдар үй карантиніне жабылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

коронавирус

Бұл туралы СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің Facebook парақшасында тікелей эфирде құзыретті ведомство өкілдері хабарлады.

«Кеше бір азаматтың ПЦР талдауы расталды. Бірден оның қайда екенін анықталды. Жедел жәрдем жіберілді. Инфекциялық бөлімшеге жатқызылды. Емделіп жатыр. Жағдайы — қанағаттанарлық. Жақын қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, ПЦР талдауына анализдер алынды. Теріс болып шықты», — деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің медициналық көмектің сапасы мен тәуекелдерін бағалау бөлімінің басшысы Арман Күшбасов коронавирус анықталған науқастың 36 адаммен жақын байланыста болғанын мәлімдеді.

«Жақын қарым-қатынаста 36 адам болған. Олардан үйдегі карантинде болу туралы қолхат алдық. Тұрғын үйдің кіреберісіне тиісті дезинфекция жасалды, — деді Арман Күшбасов.

Қазіргі таңда СҚО-да коронавирус инфекциясын жұқтырған 3 адам тіркелген.

Бүгіннен бастап Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында қосымша шектеу шаралары күшейтілді: блок-посттар қойылды, жаяу және көлікпен жүру шектелді, дезинфекциялау шаралары күшейтілді, кешкі уақыттан кейін азаматтарға үйден шығуға тыйым салынды.

 

 

stan.kz