СҚО-да кабинетте отырып-ақ үстемеақыны заңсыз алған қызметкерлер анықталды

0

Солтүстік Қазақстанда коронавирус пандемиясымен күреске бағытталған қаржыны мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды. Жұқпаға шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне тиесілі үстеме ақы кабинетте отырып, түскен ақпаратты жинақтап, сараптама жасаған санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарына, кейбір медицина қызметкерлеріне де төленген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЕСЕПШІЛЕР ДЕ ҮСТЕМЕ АҚЫ АЛҒАН

Солтүстік Қазақстан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаржы және мемлекеттік сатып алу бөлімдерінің қызметкерлері де үстеме ақыдан құр алақан қалмаған. Жұмыс кабинетінен аспай-ақ, олар да денсаулығы мен өмірін қауіпке тігіп жұмыс істеген дәрігерлермен бірге ақы алып, олжаға кенелген. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінде өткен баспасөз брифингінде айтылды.

«Тексеріс жұмыстары кезінде 2020 жылдың мамыр-шілде айларында қаржы және мемлекеттік сатып алу бөлімдерінің қызметкерлері 581,8 мың теңге көлемінде үстеме ақы алғандығы анықталды. Бұл сома кері қайтарылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында да осыған ұқсас фактілерің беті ашылды. Петропавл қалалық 1-ші ауруханасында коронавирусқа қарсы бағытталған шараларға қатыспаған 5 қызмткерге 169,2 мың теңге төленген. Осы жағдайларды есепке ала отырып, қосымша қаражат төлеу механизмдерін жетілдіру керек деген ұйғарым жасап отырмыз. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде қарастырылуы қажет», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы Дамир Хабибулин.

БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ҮНЕМДЕЛМЕГЕН

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мамандары 1 ақпан мен 3 наурыз аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде жоспардан тыс аудиторлық тексеріс жүргізген. Заңсыз үстеме ақы алу фактілерімен қатар, басқа да заң бұзушылықтар анықталған.

Дәрігерлерге арналған вирус жұқтырудан қорғайтын костюмдерді қымбат бағаға сатып алу фактілері де тіркелген. Мемлекеттік тапсырыс келісімшарты бойынша денсаулық сақтау басқармасы «Шкарин» жеке кәсіпкерінен әрқайсысының құны 40 мың теңгеден астам сомаға бағаланған 686 қорғаныш костюмін сатып алған. Ал «Шкариннің» дәл осы тауарды бірер апта бұрын «СК Фармациядан» 23 мың теңгеден сатып алғаны белгілі болған. Осының кесірінен бюджет қаражатына 11 миллион теңгеден астам шығын келген.

«Қорғаныш костюмдерін қымбат бағаға алғанымыз рас. Елімізде карантиндік шаралары енгізілген сәтте «СК Фармация» бізді аталған тауармен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Наурыз айында келісімшарт жасалды. Бірақ костюмдер біздің қолымызға тиген жоқ. Сәуір, мамыр айларында арнайы киім тапшылығы басталды. Дәрігерлерді обаға қарсы костюмдермен дер кезінде қамтамасыз ету міндет болды. Сондықтан оны кәсіпкерден сатып алуға мәжбүр болдық. Басқа шара болмады», — дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.

87 МЫҢ ТЕҢГЕ – ТЫМ АУЫР ЖАЗА

Сонымен қатар, жиында қоғамдық орындарда маскасыз жүргендерге салынатын айыппұл көлемі жөнінде де мәселе қозғалды. 30 АЕК – Еуро одақ елдерінде бекітілген көрсеткіш. Ал қазақстандықтардың жалақы көлемін есепке алсақ, 87 мың теңге —  тым салмақты сома.  Мамандардың айтуынша, бұл жемқорлық фактілерін тудыруы мүмкін.

«Сараптама жүргізу барысында масқа тақпаған жеке тұлғаларды жауапкершілікке тартудың ең үлкен көрсеткіші тамыз айында тіркелген — 475 адамға қатысты хаттама толтырылған. Карантин талаптарының бұзылмауын ішкі істер органдарының мамандары қадағалайды. Олар өндірістік материалдарды санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемелеріне жолдайды. Сараптама олардың барлығы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шешім шығарылмайтындығын көрсетті. Бұл жерде жемқорлық туындауы мүмкін. Және Қазақстанда бес жасқа дейінгі балаларды есепке алмағанда барлығына бірдей далада, қоғамдық орындарда тағы басқа жерлерде медициналық маска тағу міндеттеледі. Кейбір медициналық көрсеткіш немесе диагноздарға байланысты маска тағуға болмайтын сырқаттар бар. Бұл жайт нормативтік құжаттарда қарастырылмаған», — дейді Дамир Хабибулин.

Сондықтан қоғамдық орындарда маска тағу тәртібін бұзғандарға тағайындалатын әкімшілік жазаны жеңілдетіп, айыппұл сомасын азайту мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің мамандары тиісті органдарға ұсыныс әзірлеуде.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО