СҚО-да екі адамның өліміне себеп болған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

0

Солтүстік Қазақстан облысында көп қабатты үйлердің бірінде болған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы СҚО прокуратурасының баспасөз қызметіне сүйенген жергілікті БАҚ хабарлады.

21 ақпанда Петропавлдағы бес қабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, өрт болған. Соның салдарынан 2 адам қаза болған, кемінде 10 адам зардап шеккен.

«Жарылысқа байланысы Қылмыстық кодекстің 292-бап 3-тармағы («Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу тобы құрылды. Жарылыстың себебін анықтау мақсатында қажетті сараптама тағайындалды. Тергеу барысын облыс прокуратурасы бақылауына алды» делінген прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазақстанда кейінгі кезде өрт оқиғалары жиілеген. 19 ақпанда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында бес қабатты үйдегі пәтерде өрт шығып, бір отбасының бес баласықайтыс болды. Оның алдында бір күн бұрын Қызылордада уақытша баспана өртеніп, бір отбасының бесіктегі баласы қайтыс болған. Төрт бала зардап шеккен.

2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын үйден өрт шығып, бір үйдің бес қызы қазаға ұшырады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейді. Олар әлеуметтік көмекті күшейтуді, тұрғын үй мәселесін шешуді талап етті.