СҚО-да ауыл әкімі өзін «бомжға» теңеп, желіде талқыға түсті (видео)

0

Солтүстік Қазақстан облысы Белов ауылдық округінің әкімі Әділхан Рузиев өзін «бомжға» теңеп, желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«По районам» бағдарламасына берген сұхбатта ауыл әкімінен жеке көлігі мен жеке үйі туралы сұраған.

«Менің жеке үйім де, көлігім де жоқ. Бомжбын. Үйі, ештеңесі жоқ адам бомж емес пе?» – деп жауап берді ол.

Әкім Lada Granta маркалы қызметтік көлігі ғана бар екенін айтады.

«Бұған дейінгі көлік өте ескі еді. Ауыл шаруашылығымен шұғылданатын азаматтар жүріп-тұру үшін көлік берді. Қазір сол Granta көлігімен жүремін», – деп қосты Әділхан Рузиев.

Желі қолданушылары да әкімнің сөзі рас екенін айтып, пікір қалдырды.

«Бұл – шындық! Ол Мамлют ауданының әкімдігінде жұмыс істеген, үйі болмады. Оған дейін Белое ауылында маман болып жұмыс істеді. Тұрғындар оны білгендіктен, көпшілігі дауыс берген», «Бұл – Белое ауылының әкімі. Көлігі мен үйі жоқ екенін рас. Үйді жалға алады», «Әрине, ештеңесі жоқ. Барлығын туыстарының атына рәсімдеп тастаған шығар. Шенеуніктердің барлығы сондай», – деп жазды желі қолданушылары.