СҚО-да адамдардың еркін жүруі үшін полицей 1 миллион 300 мың пара алған

0
14

Елде жарияланған төтенше жағдай мен карантинге қарамастан ақша жымқырып қалуға тырысқан полицейлер көбейіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төтенше жағдайды пайдаланып, ақша жасап жүрген полицейлерді анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Мәселен, Солтүстік Қазақстанда аудандық полиция бөлімшесі бастығының бірінші орынбасары 1 миллион 300 мың теңгенің парасын алғаны үшін күдікке ілінді. Осы ақшаға төтенше жағдай кезінде ауданда бірнеше адамның кедергісіз жүруіне рұқсат берген», – деді аппарат жетекшісі Қуаныш Жапақов бүгінгі онлайн брифингте.

Сондай-ақ, Петропавл қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты сотқа дейінге тергеу басталды. Ол 50 мың теңгеге көлікпен блок-бекет арқылы өтуге мүмкіндік беретін рұқсат қағазын жасаған.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында әкімнің орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды

Ал Шымкент қаласында жол-патрульдік полицей жеке кәсіпкерді ішкі блок-бекет арқылы өткізіп тұрған. Сол үшін 25 мың теңге алды деген айып тағылып отыр.

«Шымкент қаласының Қаратау аудандық полиция басқармасында жұмыс істейтін учаскелік инспектор болса, Түркістан облысының тұрғынынан 15 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Осы ақша үшін төтенше жағдай мен карантинге қарамастан, оны «Таскешу» блок-бекеті арқылы өткізіп тұрған», – деп атап көрсетті Жапақов.



sputniknews.kz