“Спортшыға тән емес”: Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәлікті сынға алды
Блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәлікке қатысты сыни пікір айтты. Бұл туралы ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KZNEWS сайты.
«Шахмат – бұл, әрине, жекелей спорт түрі. Бірақ жеке өзің болу мен пікірлес болу – әр басқа нәрсе.
«Әркім өзі үшін» деген түсінікті кейбіреулер «бәріне түкіргенім қандай» деген мағынада көргісі келеді. Олардан өз қатесін түсініп, сыпайылықпен кешірім сұрауды ешқашан күтпейсің. Егер мұндай адамдар айналасына өтірікті жаудырса, сыпайылық туралы әңгіме айту қиын. Сірә, шындықты бүркемелеу – бірінші кезекте шахматшы екендігін ұмытқан Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Жансая Әбдімәліктің кәсіби қасиеті. Алайда кез келген кәсіби спортшы үшін кешірілмейтін нәрселер бар. Ол тіпті кім болса да», деп жазды Асаубаева.
Оның айтуынша, Жансаямен бірге өзін қосқанда, тағы он бір шахматшы Делиде маңызды Гран-при турниріне келген. Бірақ Жансая ұйымдастырушылар дұрыс қарсы алмады деген желеумен жарыстан аяқасты кетіп қалуды жөн көрген. Мұны турнирдің ашылуына бір сағат қалғанда, әріптесіне телефон арқылы хабарлап, әуежайда екендігін, ұшқалы отырғанын жеткізген.
«Ал өзі біз шұғыл жиналыс жасап, не істерімізді білмей жатқан кезде отельде қыдырып жүрген. Жансая өзінен бір елі қалмай, бірге жүрген ер адаммен ұшып келген. Басқалар жалғыз болса да, отельге ешқандай қиналыссыз жеткен. Кейбір шахматшылар Гран-приге қатысу үшін өзге жарыстардан бас тартқан, енді олар ыңғайсыз жағдайда қалды. Өтірік араласқан асығыс шешімнің салдарынан турнир болмай қалуы мүмкін. Соңғы сәтте өзі ойлап тапқан себептен бәрін тас-талқан қылғысы келген бір адамның кесірінен осылай болып отыр. Әрине, жергілікті ұйымдастырушыларға қатысты сұрақ көп. Бірақ көп мәселе Жансаяға, оның спортшыға тән емес әрекетіне қатысты. Аяқ астынан эмоцияға жол бергендігіне, әріптестеріне, тұтастай алғанда, өмірге деген көзқарасына, кәсібилігіне қатысты. Спортшылар кез келген күтпеген жағдайға беріле салмай, бәріне дайын болуы тиіс. Кез келген ұсақ-түйекке Жансая секілді қарасақ, онда спортпен қош айтысып, күйеуге шығып, ас дайындау керек…», — деді Бибісара.