Спорт алаңы стандартқа сай | «Айқын» газеті
Мемлекет басшысы халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, дені сау болуына лайықты жағдай жасау керегін үнемі тілге тиек етіп отырады. Осы ретте жергілікті атқарушы органдарға денешынықтырудың көпшілікке қолжетімді болып, мектептердегі спорт құрал-жабдықтарын тиімді пайдалану керек деген болатын. Сонымен бірге, аула, саябақ, скверлерді спортпен шұғылдануға ыңғайлы ету де тапсырылды. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы «Мектептерде спорт алаңдарын салу немесе қайта салу» жобасын қолға алды. Аймақтарда оң нәтиже көп. Жоспардың ауқымы да кең.
Партиялық жоба шеңберінде бірқатар аймақта ауыз толтырып айтарлық істер атқарылып жатыр. Мәселен, Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы нәтижелерді тізіп көрелік. Жақында партиялық топ Жосалы кенті мектептеріне тексеріс жасап, жобаның барысын байқады. Жалпы ауданда, бүгінде 19 білім ошағы бар екен. Олардың жетеуі кент орталығында болса, қалған 12-сі – ауылдық елдімекендерде. Жобаны жүзеге асыру аясында нұротандықтар ауданға қарасты 10 мектепте болып, спорттық алаңдарының талапқа сәйкестігіне бақылау жүргізген. «Біз Жосалы кентіндегі 7 және елдімекендердегі 3, яғни барлығы 10 мектепке бақылау жүргіздік. Олардың бесеуі арнайы спорт алаңдарымен қамтылса, 3 мектепте мүлдем жоқ және 2 мектептің спорттық алаңы жөндеуді қажет етеді. Жоғарыда аталған 5 мектептің спорттық алаңының үшеуі футболға арналған, қалған екеуі де толық стандартқа сай. Бұл алаңдар тек оқушыларға ғана емес, жақын маңайдағы тұрғындар үшін де футбол, волейбол, баскетбол ойнап және басқа да спорт түрлерімен айналысуына ыңғайлы етілген. Қазір жөндеуді қажет ететін спорттық алаңдары бар мектеп директорларына тиісті тапсырмалар берілді. Өзіміз де демеушілер іздестіріп, көмек көрсетуге жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта арнайы бекітілген жоспарға сәйкес қалған мектептерді де аралап, тиісті органдармен нәтижеге жұмыс істейміз», – дейді аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Алтай Үсенов. Жалпы алғанда, Қызылорда облысында 293 мектепте 682 спорт алаңы бар, оның 91-і футболға арналған алаң. 78-і жөндеуді талап етеді.
Алматылықтардың атқарған жұмысы көңіл қуантады. Әсіресе, осы жобаның арқасында әлеуметтік салада мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы серіктестік институты нығая түсетінін атап өту керек. Мәселен, бүгінде жеке инвестор қаражатына салынған бірқатар нысандар бар. Соның бірі – жалпы білім беретін № 40 орта мектеп. Аталған нысанды партия өкілдері жуырда аралаған болатын. Жыл өткен сайын Алматыда спорттық инфрақұрылым жақсарып келеді. Жаңа спорт объектілері ашылып жатыр. Олардың дені әлемдік деңгейде екенін айта кету керек. Бұл нысан – қалада ғана емес, республикада ашылған алғашқы алпауыт алаң. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол ойнауға болады. Сонымен бірге, воркаут-жаттығу құрылғылары да бар.
Заманауи технологиялар бойынша салынған әмбебап алаңдар тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды. Алматыдағы көп кешенде инклюзия элементтері бар. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балалар да осы спорт алаңдарында жаттыға алады. Алдағы уақытта тағы бірқатар мектептердің жанынан бірнеше алаң ашылмақ.
Ақтөбе облысында да жағымды жаңалықтар көп. Балалардың тек футбол ғана емес, өзге де спорт түрлерімен айналысуына лайықталған көпфункциялы 20-ға тарта алаң бар. Жаңа алаңдардың ашылуы бұқаралық спорт түрлерінің дамуына оң әсер берері анық. Футбол алаңында доп теуіп ойнайтын Әмірхан Оразбаев болашақта атақты футболшы болғысы келеді екен. «Бүгінде жаңа алаңда алаңсыз ойнаймыз. Бәрімізге ұнайды. Топ-топқа бөлініп, тактикаларды қолданамыз. Футболды бұрыннан жақсы көреміз. Ол кезде допты бір тепсең, алысқа ұшып кететін. Кейде көшенің келесі бетіне дейін баратынбыз. Жаңа алаң ашылғалы жақсы болды. Өйткені қоршау бар», – дейді ол.
Облыстағы 21 алаңның бесеуі – қала мектептерінде, қалғаны аудандарда жұмыс істейді. Кей спорт алаңдарында денешынықтыру сабағы да өтеді. Бұлардың бір артықшылығы – көпфункциялы болуында. Әрқайсының қаржыландыруы әртүрлі. Яғни, бірі – аудандық, енді бірі облыстық бюджеттің көмегіне жүгінеді. Кейде «Туған жер», «Түлек.kz» жобаларының аясында демеушілердің арқасында бой көтереді.
Жалпы алғанда «Нұр Отан» ұлт саулығын жақсартуға қатысты оншақты жобаны іске қосты. Олардың бірқатарын осы күнге дейін газетімізде берген едік. Мәселен, білім ошақтарындағы тамақтану орындарының сапалы болуы – партия бақылауында.