Сөз түбі – тағдыр

0

Ауылдан әулетіміздің ақсақалы хабарласты. Немересі қоңыраулатты ғой: «Атам сенімен сөйлескісі келеді», деді. Алдым. Амандық-саулықтан соң шаруаға көштік. Қоштасарда іркіліп қап қайтадан: «Айдана!», деді. Тыңдап тұрғанымды айтып жалма-жан жауап қайырдым. Ол: «Адамда екі нәрсе бар. Екеуі де адамға аманатқа берілген. Оның бірі – жан. Уақыты, яғни адамның ажалы жеткенде жан Құдайға қайтады. Сондықтан да қазақ «қайтыс болды, қайтты» дейді. Ал екіншісі – сөз. Бұл да – аманат, білгенге…», деп қайта іркілді. «Соған абай бол!» дегенін маған мораль оқи бермейтін қажы-көкемнің үнсіздігінен ұқтым. Сөзінің соңын: «Денсаулық берсін! Аман бол!», деп түйіндеді. Көктем шыға, көтерем қойдай, иммунитетімнен айырылып, ангинадан берекем қашып жүргенін 2 мың шақырымнан сезіп қойғандай.

Ауызы бардың бәрінде сөз бар. Өзгелерге қалай екенін қайдам, маған сөз қатты әсер етеді. Кей адамдардың сөзіне солардың өзінен көп ойлайтын шығармын. Ойланбай айтқан сөз бәрінен ұзақ ойлантады. Кеше бір адам өз танысының әр қылығын айтып, «сол құлағын шулатып» кетті. Ол ішіндегісін шығарып алғанына рақаттанып қалған шығар. Бірақ мен соны күн өтсе де әлі ойланып жүрмін. Әлгі «жаман» адамды мен де танимын, оның әр қылығын санамда ақтап алам. Ғайбат сөз сізді шабыттандыруы мүмкін, бірақ ол тыңдап отырған адамның құлағын «жамандалып» жатқан адамдыкіндей шулатуы мүмкін. Өз басым біреу екінші біреудің нашар қылығын өзіне емес, маған теріп айтса, «Шіркін-ай, менің де тек теріс тұсымды көре ме екен…», деп алаңдап отырамын.

Сөз – ойдың жемісі. Жақында бір адамды жақсылап сынап, шамам келсе сыни сөзбен біраз сыбап алмаққа бардым. Дайындығым жаман емес еді. Бастығына алып бара жатқан қызметкердің бұрыннан танитындай шүйіркелесе кетуі, тырысқан қабағымды еріксіз ашқан жылы сөзі, тауып айтқан тіркесі жібітті. Бастығымен емен-жарқын отырып әңгімелескенім сондай, ол көпке бере бермейтін мәліметтерін қолыма ұстата салды. «Сын сөзден бастасам, қол жеткізер ме ем», деп көлікте келе жатып ойландым. Сөз – және әрекет бастар жол.

Сөз қазір тілдің ғана емес, саусақтың да ұшында болып тұр. Таяуда бір тағдырмен таныстым. Қос тағдыр, бірақ бір тағдырға айналған. Аяқ-қолынан айырылған жігіт жүрегіндегі сөзімен қызды баурап алыпты. Тәуекелшіл, батыл ару жігітті өзі іздеп барып, жүрегінің тазалығына, иманына бас идім деп, ұсынысын қабылдапты. Әрине, оған Алла өзі белгілі бір жағдайда дайындайды. Дегенмен, оларды телефоннан жазылған хаттардағы шынайы сөздер байланыстырған. Сөз – түбі тағдыр.

Сіз соны салмақтайсыз ба?.. Айтарда, жазарда, жолдарда.

Айдана Шотбайқызы

Фейсбуктегі парақшасынан

Көрілген: 3    Пікірлер: 0