Сотталушылар Денис Тенді өлтіргенін мойындамады

0

Алматыда спортшы Денис Теннің өліміне қатысты негізгі сот тыңдауы басталды. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, сотталушылардың екеуі — Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов Денис Тенді өлтіргенін мойындамады.

Сот отырысы басталғанда прокурор Қуандық Досов айыптау актісін оқыды. Ол бойынша, Арман Құдайбергенов үш рет көлік айнасын ұрлауға қатысқан. Соңғы айна ұрлау оқиғасында Денис Тен қаза тапқан.

Прокурордың сөзінше, сотталушылар Денис Теннің көлігінің айнасын ұрлайтын кезде өз көлігін «Достық» мейрамханасының маңына қойып, жаяу кеткен. Денис Тен көлігінің айнасын ұрламақ болғандарды көріп қалған. Ал Құдайбергенов пен Қиясовтың қасында тұрған Жанар Толыбаева Денис Теннің көріп қойғанын ескертіп үлгермеген.

Құдайбергенов пен Қиясов ұрлық жасағанын ғана мойындап, қарақшылық жасағанын және кісі өлтіргенін мойындамады.

Жанар Толыбаева прокурор айтқандай қылмыс жасалған жерде «болмағанын» мәлімдеді. Толыбаеваның сөзінше, ол Денис Теннің қалай пышақталғанын «көрмеген» және «серіктерінің кісі өлтіретін ойы барын білмеген».

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.

Теннің өліміне қатысты істе үш күдікті бар. Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің «қарақшылық» және «кісі өлімі» баптары бойынша айыптар тағылған. Ал Жанар Толыбаева «қылмысты хабарламау» айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, Құдайбергеновке «бірнеше рет ұрлық жасады» деген, ал Толыбаеваға «өзара келісіп ұрлық жасады» деген айып тағылған.

Дереккөз: Азаттық