сотталушы Жанар Толыбаева түрмеде босанып қалды
Қысқа сілтеме алу
Толыбаеваның адвокаты соттан оның жақында ғана босанғанын, қазір денсаулығы күтімді қажет ететінін ескеруді сұрады
АЛМАТЫ, 13 наурыз – Sputnik. Бүгін Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Денис Теннің өліміне қатысты шағымды қарауды бастады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сотта алдымен спортшының анасының адвокаттары тапсырыспен кісі өлтіру болжамын тергеу үшін ол істі бөлек қарауды сұрады. Оксана Теннің мүддесін үш адвокат қорғап жатыр: Өстеміров, Қанатов және Сиқымбаев. Олар соталушылар мен Денис Тен соңғы рет болған мейрамхана қожайынының арасында байланыс болуы мүмкін екенін айтып, сотталушының біріне шетелден қоңыраулар келіп түскені туралы дәлелдерді алға тартты.
Осы себепті адвокат Сиқымбаев соттан куәлік беру үшін бірнеше адамды сотқа шақыруды сұрады.
«Сотталушының ағасы Сұлтан Қиясовты, оның жүрген қызы Манзура Қозбаулиованы, «Гедонист» мейрамханасының қожайыны әрі Денис Теннің сыныптасы Руслан Хайруллаевты куәлікке тартуды сұраймын. Бұдан бөлек сотталушының бірі қоңырау шалып, 5 мың доллар талап еткен Ержан Сәдуовты да тергеуге алса дейміз. Біз оның қамауға алынғандарға тұрақты түрде тамақ әкеліп, керек-жарақтармен қамтамасыз етіп жүргенін білдік. Мұны Толыбаева жоққа шығарып отырған жоқ», — деді сотта Оксана Тен.
Денис Теннің анасы Толыбаеваға кесілген үкіммен келіспейді
Адвокаттардың айтуынша, бұл куәгерлер тапсырыспен кісі өлтіру дерегін нақтылап немесе оны теріске шығарып бере алады.
«Толыбаеваға шетелден келіп түскен қоңыраулар да көп күмән туғызады. Оның адвокаты бұл қоңырау Қырғызстаннан, Өзбекстаннан болған деді. Бірақ қоңыраулар экспертизасы көрсетіп отырғандай, ол Англия мен Швейцария елдерінен келіп түскен»,- деді Оксана Тен.
Осыған байланысты айыптаушы тарап Толыбаеваға қатысты бұған дейін шыққан сот үкімімен келіспейтінін де айтты.
Оксана Теннің пайымынша, ол – тапсырыс берушілер мен оны орындаушыларды байланыстырушы басты адам.
Ал Жанар Толыбаеваның адвокаты Сариев соттан үкім шығарарда оның жақында ғана – 6 наурызда босанғанын, қазір денсаулығы күтімді қажет ететінін ескеруді сұрады.
Ал Толыбаеваның өзі сотта қандай жаза кесілсе де кейін өтеуге дайын екенін мәлім етті. Өйткені оның жаңа туған баласына қазір ана мейірімі мен күтім аса қажет екен.
«Кейін өтеймін. Қазір баламның қасында болсам деймін. Ауыр жағдайда босандым. Ұлым қазір күтімге аса зәру», — деді сотта ол.
Айта кетейік, алғашқы сот процесі кезінде Толыбаеваның аяғы ауыр болатын. Бұл оның екінші баласы.
Қылмыскерлерге қандай жаза берілді
2019 жылдың 17 қаңтарында сот Денис Теннің өліміне қатысты сотталушыларға үкім шығарды. Нұралы Қиясов қарақшылық және кісі өлтіру бабы бойынша айыпты деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.
Арман Құдайбергенов те ұрлық, қарақшылық жасап, кісі өлтірді деп танылды. Оған да 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.
Жанар Толыбаева қылмыс болғанын біле тұра, оны құзырлы органдарға жеткізбегені үшін айыпты деп танылып, 4 жыл бас бостандығынан айырылған.
sputniknews.kz