«Сотталды»: Шенеунік мүгедектерге тегін баспананы сатқан

0

Петропавлдағы жұмыспен қамту орталығының директоры жетім балаларға, мүгедектерге, көпбалалы және толық емес отбасыларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін тегін баспана үшін пара алып отырған, деп хабарлайды kznews.kz сайты turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, үй кезегінде тұрған азаматтар 5 жыл бойы пәтерде тұру құқығына ие болу үшін Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасып, банкте есепшот ашулары керек болған. Ал орталық директоры өзінің сыбайластары арқылы баспананы тез алғысы келетіндерге құжаттар тізімін беріп, кезекті тездететін қызметінің құнын айтқан. Тергеу барысында 5 миллион теңгеден астам пара алудың 10 эпизоды анықталды.

«Орталық басшысы өз қызметін 500-600 мың теңгеге бағалаған. Сөйтіп, баспанаға тезірек қол жеткізуге асыққандар шенеуніктің сыбайластарына қаржы берген. Содан кейін сыбайластар ақшаны мекеме директорының есепшотына аударып отырған. Жұмыспен қамту орталығы директорының кінәсі толық дәлелденіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Шенеунік өмір бойына тиісті органдарда қызмет атқара алмайды», – деді Петропавл қалалық сотының судьясы Сәуле Литфуллина.

Сондай-ақ шенеунік сыбайластарының әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.