Сотта Салтанат Нүкенованың WhatsApp қолданбасы ашылмай қалды

0

Бишімбаевқа қатысты соттың кезекті отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың смартфонындағы WhatsApp қолданбасы ашылмай қалды. Бишімбаевтың қорғаушылары бұған марқұмның ағасы Айтбек Амангелдіні кінәлады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот тыңдалымы барысында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов осымен алтыншы рет Нүкенованың ұялы телефонындағы деректердің көшірмесін сұрап жүргенін жеткізіп, сот хатшысының неліктен деректерді ұсынбай жүргенін сұрады.

“Бишімбаевпен, Айтбек Амангелдімен, Аида Ахмединамен, Айнұр Нүкеновамен, психолог, Наргиз клиент, Малика клиент және басқа да номерлермен сөйлескен 2022 жылдың 1 тамызынан 2023 жылдың 9 қараша айындағы WhatsApp хабарламаларын беруді сұраймын. Сонымен қатар Бишімбаевтың да телефонынан Нүкеновамен, үй тазалаушысымен, Салтанаттың құрбысы мен әпкесімен жазған хабарламаларын беруді сұраймын. Қорғаушы тарап әлі дәлелдермен танысып үлгермеді. Сот хатшысы әр отырыс сайын сұрасақ та, кейінге қалдырып тұр. Мұның себебін түсіндіруін сұраймын”, – деді Бишімбаевтың адвокаты.

Судья алдыңғы сот отырысында Салтанаттың телефонын екі тарап та қайта қосуға (перезагрузить) келіскенін, кейін салдарынан  WhatsApp қолданбасы ашылмай, қайта жүктеу туралы ескерту келгенін алға тартты. Хатшы мұны тек сот отырысында барлық тараптың алдында қайта жүктей алатынын мысал етті.

Осыдан соң прокурорлар сот отырысы барысында Нүкенованың телефонындағы WhatsApp желісін қайта жүктеді. Алайда жүктелген қосымша ашылмады.

“Демек бұл телефонның iCloud жүйесіне қолжетімділік тек марқұмның ағасында бар. Ол IT компаниясында жұмыс істейтіндіктен бұғаттап тастай алатындай мүмкіндігі бар. Сондықтан телефонды арнайы маманға көрсетіп, неліктен ашылмай қалғанын анықтауымыз керек және барлық хабарламаны қалпына келтіруді талап етеміз”, – деді Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов.

Осы тұста жәбірленуші тараптың қорғаушысы Жанна Оразбақова Салтанаттың ағасын кінәлаған тарапқа қарсы шығып, керісінше телефон туралы деректердің барлығын Бишімбаевтың білгенін айтты.

Сот Бишімбаевты қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандырмады.

Еске салсақ, бұған дейін Бишімбаевтың адвокаты судьяны істен шеттетуді талап еткен еді. Бірақ сот алқасы судьяны ауыстыру туралы өтінішті қанағаттандырмады.