«Сотқа жүгінеміз»: Жұманғарин параға 10 пәтер алды деген ақпараттың жала екенін айтты

0

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Бәсе арнасында тараған ақпаратқа байланысты сотқа жүгінгелі отырғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еске сала кетейік, 6 ақпанда атышулы «Бәсе» арнасы өз аккаунтында вице-премьер Серік Жұманғарин «2016 жылы комитет басшысы бола тұра параны мүлік күйінде алды» деген ақпарат таратқан еді. Өз сөзінің дәлелі ретінде журналист Наталья Садықова вице-премьердің зайыбы Сәния Садықова Арслан Сапашев атты азаматтың атына Ақтөбедегі Жұбанова көшесіндегі үйлерге сенімхат жазып берген құжатты көрсеткен. Бәсе ол пәтердің тым арзан бағаға алынғанын жазады.

Бүгін Серік Жұманғариннің өзінен осы ақпараттың мән-жайы сұралды.

«Бұл ақпаратты растайсыз ба, әлде жоққа шығарасыз ба?» деп сұрады вице-премьерден Ulysmedia.kz тілшісі.

Әуелі Жұманғарин сұраққа сұрақпен жауап берді.

«Сіз өзіңіз қалай ойлайсыз? Бәсе деген арна біраз ақпарат жариялайды. Бүкіл адамдар ол таратқан ақпаратқа жауап беруі керек пе?» деп сұрады Жұманғарин.

Ulysmedia.kz тілшісі вице-премьерге «сіз жауап берген дұрыс деп есептемейсіз бе? Егер сіз мемлекеттік қызметкер болсаңыз, сіз туралы сондай ақпарат тарап жатса, мен жауап беруге міндеттісіз деп ойлаймын» деді.

«Бәсе каналында әйтеуір жақсы сөз жоқ, қарасаңыз. Қазақстан туралы. Мен қайталап, 10 рет жауап бермес үшін орыс тілінде жауап берейін: Интернет арна таратқан ақпарат – жала әрі бұрмалау. Соны оқырманға жеткізсеңіздер деймін. Егер менің өмірбаяныма қарасаңыз, оның ерекшелігін көрсеңіз, менің мемлекеттік қызметке 35 жастан кейін келгенімді көресіз. Тоқсаныншы жылдары, екі мыңыншы жылдардың ортасында мен өзім құрған бизнес саласында жұмыс істедім. Бұл үйлерді – менің отбасыма тиесілі бизнес құрылымдар салған», — деді Жұманғарин.

Вице-премьердің сөзінше, үй салынған орында бұрын ескі орман шаруашылығы нысаны болған.

«Оны біз сатып алып, 2007 жылы ол жерде тұрғын үй сала бастадық. Естеріңізде болса, 2007 жыл – аса сәтті жыл болған жоқ. Ипотекалық дағдарыс кезеңі еді. Ол жерге үлкен қаржы кетті. Құрылысты тоқтатуға тура келді. Компанияда қиын жағдай туындап, жүктеме көбейді. Оған қоса 2011 жылы мен мемлекеттік қызметтен кетуіме тура келді. Мен бәрін ретке келтіру үшін мемлекеттік қызметтен белгілі бір уақытқа кеттім. Компания қайта құрылымдап, қарыздарын жабу керек еді. 2012 жылы мен инвестициялық компанияны құрып, инвестиция тартып, бұл үйдің құрылысын аяқтадық», — дейді ол.

Серік Жұманғариннің айтуынша, сол тұста үй алғысы келетін адамдардың талап-тілегі өзгеріп кеткен. Ал салынған үйлердің аумағы үлкен болған.

«Ол кезде үлкен үйлер ешкімге керек емес еді. 2007-2012 жылдары ұзақ салынған үй болса, екіншіден сол үйлер сатылмай қойды. Компанияға жүктеме көбейгеннен кейін, заңды тұлғаларға салық көп болғасын, 2016 жылы салық жағынан жеңіл болуы үшін өз атымызға аударуға тура келді. Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ», — деді ол.

«Яғни 10 пәтер өзіңіздікі ме?» деген сұраққа Серік Жұманғарин «иә, өзіміздікі, 6-7 жыл болды, олар қазір жоқ» деп жауап берді.

«Ақтөбе қызық қала. Бүгінгі таңда ол жақта ең арзан. Тараз екеуінде. Басқа айтарым жоқ», — деді ол.

«Декларация өткіздіңіз бе?» деген сұраққа Жұманғарин «менің және менің отбасыма, бизнесіме, әр қадамыма байланысты мәселелер декларацияланған» деді.

«Бұл ақпарат ресми көздерден декларация өткізу кезінде алынған. Ол қалайша Бәседегі адамдарға қалай жеткенін білмеймін. Менің суреттерім де. Соларға сұрақ қою керек. Қазір менің отбасымның адвокаттары сотқа арыз түсіргелі жатыр», — деді ол.

«Бұл сізге қарсы әдейі жасалған ба?» деген сұраққа «мен өсекті жек көрем» деді.

«Сіз менен жаңа ақпарат сұрадыңыз. Мен бердім. Қалғандарын қазір айта алмаймын. Себебі адвокаттардың айтқан сөзін айта алмаймын. Мен мына әңгімені толығымен шындықты айтып жауап бердім. Тоқтатсаңызшы болды», — деп сөз соңында ашуға басты ол.

Вице-премьер сөз соңында өзінің мемлекеттік қызметте болып, әйелінің бизнесте жүргенінен ешқандай қайшылық көріп тұрмағанын айтты. Оның сөзінше, олар бизнесті тоқсаныншы жылдары бастаған. Зайыбы декларация өткізген. Ал Жұманғариннің өзі бертін мемлекеттік қызметке келген.