«Сотқа береміз»: Алматыда авторлық қоғамнан заңсыз шығарылған бір топ өнер майталманы наразылық білдірді
Алматыда “Қазақстан авторлары қоғамы құрамынан заңсыз шығарылдық» деген бір топ ақын-жазушылар мен сазгерлер әділдік сұрайды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
51 танымал тұлға авторлық қоғамнан негізсіз шығып қалдық дейді.
“Шығармаларымызды ылғи телеарналардан, радиодан естіп жатамыз. Сахналардан да орындалып жүр. Бірақ авторлар бірде-бір тиын алмаймыз. Ал олар әлі күнге дейін Авторлар қоғамында біздің ақшамызды басқарып отыр. 51 адамды заңсыз шығарып тастағанымен ісі жоқ”, – дейді мәдениет қайраткері Самат Мәлімбай.
Өнер адамдары өздеріне тиесілі қаламақыдан қағылып отырғанын айтады.
“Бір жылға тарта уақыт болды. Мені Авторлар қоғамынан заңсыз шығарып тастады. Оның қандай себебі бар екенін де түсінбеймін. Белгілі композитарлар, жазушылар ұйымдасып, заң жүзінде авторлар қоғамын сотқа берсек пе дейміз. Тиісті қаламақысын ала алмайтынын болса, онда қазақтың өнері ары қарай не болатынына үлкен күмәнім бар”, – дейді танымал әнші, сазгер Алтынбек Қоразбаев.