«Сотқа арызданған»: ШҚО-да WhatsApp арқылы өзге тұрғынды балағаттаған әйелдің басы дауға қалды

0

Шығыс Қазақстан облысында пәтерін жалға берген әйелді WhatsApp мессенджерінде балағаттаған тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды Altaynews.kz. 

Өңірдің қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, жауапқа тартылған әйел отбасымен бірге пәтер жалдап тұрған. Алайда қарызы көбейіп кеткендіктен көшуге мәжбүр болыпты. Тұрғылықты мекенжайы болмағандықтан, ол өзінің кейбір заттары мен жеке құжаттарын сол үйде уақытша қалдырған.

Алайда бірнеше күннен кейін барлық заттары жоғалып кеткен. Осылайша, пәтер жалдаушы мен үй иесі арасында жанжал туындаған екен. Пәтер жалдаушы әйел оған WhatsApp арқылы бейәдеп сөздер айтылған аудиохабарлама жіберген. Ал жәбірленуші сол хабарламаны сақтап, сотқа арызданған.

«Сот үкімімен кінәлі деп танылған әйел 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі уақытта ол пробация қызметінде тіркеуге алынып, қоғамдық жұмыс істеу үшін әкімдікке жіберілді», — дейді пробация қызметінің басшысы Мақсат Манарбеков. 

Айта кетейік, бұған дейін Whatsapp арқылы қаржы пирамидасын құрған ерлі-зайыптылар әшкере болған еді. Полицияның мәліметінше, жұбайлар қаражатты айналдыру үшін WhatsApp желісінде 218 адамнан тұратын топты құрған. Ақша 1975 жылы туған Е. есімді азаматтың атына ашылған Kaspi Gold картасына жіберілген.

Қаржы пирамидасының схемасы бойынша бастапқы салым 100 мың теңгеден кем емес, ал бірнеше күн ішінде 300 мың теңгеге дейін «салымшыға» қайтарылуы қажет болған. Одан бөлек, ай сайын пайыз төленуі керек еді. Бірақ қаражат аударылғаннан кейін күдіктілер барлық байланыстарды үзген және қаражат қайтарылмаған.