Сот журналист Жанболат Мамайдың шартты түрде босату шағымын қанағаттандырмады
10 сәуірде Талдықорғандағы Алматы облыстық соты үш жылға бостандығы шектелген журналист Жанболат Мамайдың өзін шартты түрде босату туралы шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттыққа журналистің өзі хабарлады.
Мамайдың сөзінше, прокурордың «Бірінші инстанциядағы сот шешімін сол күйі қалдыруын сұраймын» деген өтінішінен соң судья бес минут үзіліс алған. «Судья Ерлан Абтизиев прокурор өтінішін қанағаттандырды. Неге мұндай шешім қабылдағанын түсіндірген жоқ» деді журналист. Мамай соттың мұндай шешімді ненің негізінде қабылдағаны жазылған құжатты енді алатынын айтады.
Журналист бұл туралы Facebook парақшасына да жазды. Онда ол «Бұл соңғы шешім. Шағым түсіре алмаймын. Жүгінер жалғыз инстанциям Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі комитеті болмақ. Құжаттарымды дайындаймын» деп жазған.
2017 жылы ақпанда «Мұхтар Әблязовтің ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты» деген күдікпен Алматыда қамауға алынған Жанболат Мамай жеті айдан кейін, 7 қыркүйекте сот үкімімен бостандығы үш жылға шектеліп, босап шыққан.
Видео: «Бұл істің саяси астары бары айқын»
Жанболат Мамай сот үкімінен соң Азаттыққа берген сұхбатында өзіне қарсы істің «саяси астары бары айқын» екенін айтқан. Ол «журналистік кәсібіне тыйым салынса да, қоғамдық қызметпен айналыса беретінін» мәлімдеген.