Сот Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан неліктен бас тартылғанын түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Өсемендегі Шығыс Қазақстан облыстық сотындағылар «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті неліктен шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан неліктен бас тартылғанын түсіндірді

10 қыркүйекте ШҚО қылмыстық істер бойынша сот алқасы Мұхтар Жәкішев пен оның қорғаушыларының шағымдарын қарады. Сот бірінші инстанцияның Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тарту туралы шешімін күшінде қалдырды.

«Жеке шағымдарды қанағаттандырудан келесі себептер бойынша бас тартылды: қылмыстық-процессуалдық заңнама талаптарына сәйкес, сотталушының мінез-құлқындағы оның түзелгенін, қылмыстық жазаның әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру түріндегі мақсатына жеткенін растайтын оң өзгерістер шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына негіз бола алады. Жекелей алғанда, бұл залалдың орнын толтыру, өндіріп алу тәрізді жағдайлар», — дейді соттағылар. 

Қапшағай қалалық сотының 2014 жылдың 15 шілдесіндегі үкіміне сәйкес, Мұхтар Жәкішевтен жасаған қылмысы арқылы келтірген залалының орнын толтыру үшін жалпы сомасы 99 миллиард теңге төлеу міндеттелген.

«Қазіргі уақытта аталған сома төленген жоқ. Сотталушы келтірген залалының орнын толтыру үшін шаралар қабылдамады. Сонымен қатар оның мінез-құлқында тұрақтылық пен оң өзгерістер серпіні жоқ. Одан бөлек, Жәкішевтің жазасын өтеу бойынша бекітілген тәртіпті бұзғаны үшін жазасы бар. Жәкішев өзінің түзелгенін, заңға бағынушылық мінез-құлқы қалыптасқанын куәландыратын белсенді әрекеттер көрсеткен жоқ», — дейді соттың баспасөз қызметіндегілер.

Еске салсақ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ бұрынғы басшысы 2010 жылы 14 жылға сотталған. Ол жымқыру және пара алу үшін кінәлі деп танылды.

Өткен жылы Жәкішев колонияда отырғанда үнемі дәрі қабылдайтыны туралы хабарланған болатын. Алайда бас прокуратура сотталушыны ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ екенін айтты.

Бұған дейін Семей қаласының сотында Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты

stan.kz