Сот заңгердің Алматы әкімдігіне шағымын қанағаттандырмады
Алматының Бостандық аудандық соты заңгер Әлнұр Ильяшевтің әкімдікті атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту міндетін орындату туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
Алматы билігі экологиялық қауіпсіздік саласында жеткілікті шара қабылдамай отыр деп санайтын қала тұрғыны Әлнұр Ильяшев әкімдікті сотқа берген.
Сотқа жазған талап-арызында Ильяшев Алматы әкімдігі 2009-2018 жылдарға арналған қоршаған ортаны ластауды азайту жөніндегі кешенді бағдарламада қарастырылған міндеттерін орындауы тиіс деп жазған. Тоғыз жыл бұрын бекітілген бағдарламада ауаны ластаушы негізгі кәсіпорындардың бірі саналатын ЖЭО-2 мекемесінің қалдықтарын азайту шаралары, мәселен, қазіргі заманғы тазарту құрылғыларын орнатып, кейін ЖЭО-ны табиғи газға ауыстыру туралы айтылған.
Оқи отырыңыз: Заңгер әкімдіктен түтінге қарсы шара қабылдауды талап етеді
Сот Алматы әкімдігінің 2009-2018 жылдарға арналған қоршаған ортаны ластауды азайту жөніндегі кешенді бағдарламасы қалалық мәслихаттың 2011 жылдың 7 ақпанында шығарған шешімімен күшін жойғанын айтып, талап-арызды қанағаттандырмады. Сот шешіміне апелляциялық шағым түсіруге болады.
Желтоқсанның 24-і күні өткен сот отырысында жауапкердің өкілі, әкімдік заңгері Надир Омаров Әлнұр Ильяшевтің талап-арызымен келіспейтіндерін айтқан. Оның сөзінше, әкімдік экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Дереккөз: Азаттық