Сот «Шаңырақ ісімен» қамалған Өтегеновті шартты түрде босатпады

0

23 желтоқсанда Тараз қаласы қылмыстық істер бойынша соты «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған 43 жастағы Құрманғазы Өтегеновті шартты түрде босатпады. Сот оның мемлекет алдындағы баж салығын төлемегенін алға тартты. Бұл туралы Азаттыққа Тараз түрмесіндегі сотталушылардың бірі айтты.

Аты-жөнін атамауды сұраған сотталушы отырыстың видео байланыс арқылы өткенін айтады. Сот кезінде Өтегенов түрмеде отырған. Сотталушының сөзінше, Өтегенов судьяға баж салығын төлегенін айтқан.

Өтегенов Тараз қалалық сотының шешіміне қарсы Жамбыл облыстық сотына апелляциялық шағым түсірмек. Апелляциялық арызына баж салығын төлегені жайлы анықтаманы тіркемек.

Сот Азаттыққа Өтегеновтің шартты түрде босап шығу туралы арызының қанағаттандырылмағанын растап, оған Өтегеновтің түрмедегі тәртібі де әсер еткенін айтты.

«Шаңырақ ісі» бойынша сотталған Рүстем Тұяқов (14 жыл), Ерқанат Тараншиев (15 жыл) , Құрманғазы Өтегенов (16 жыл) және Арон Атабек (18 жыл) 2018 жылы құқық қорғаушылардың көмегімен баж салығын төлеген. Тұяқов пен Тараншиев 2018 жылдың мамыры мен маусымында қамаудан босатылған. Ал Арон Атабек шартты жаза сұрап сотқа шағымданбаған.

43 жастағы Құрманғазы Өтегенов 2006 жылғы 14 шілдеде Алматының шетіндегі Шаңырақ елдімекенінде болған оқиғаға қатысқаны үшін сотталған. Шаңырақта сот «заңсыз салынған» деп таныған баспаналарын сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті тұрғындар қарсылық көрсетіп, қақтығыс салдарынан полиция қызметкері қаза болған. Осы оқиғадан кейін төрт адам ұзақ мерзімге сотталған. Олардың екеуі өткен жылы мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты. Сот үкімі бойынша 16 жылға бас еркіндігінен айырылған Құрманғазы Өтегеновтің жаза мерзіміне 2013 жылы түрме әкімшілігінің «заңды талабына бағынбағаны» үшін тағы екі жарым жыл қосқан.

2006 жылы 14 маусымда Алматы шетіндегі Шаңырақ елдімекенінде жұрт үйлерінің сүрілгеніне қарсы шыққан. Оқиға кезінде бір полицей қаза тапқан. Кейін билік Шаңырақ тұрғындарына үйлерін заңдастыруға рұқсат берген.

Azattyq