Сот «Қытайдан қашқан» Қайша Ақанды Қазақстанда қалдырды

0

23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық соты Қылмыстық кодекстің «Шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша айыпталған Қытай қазағы Қайша Ақанның ісін қарап, шешім шығарды.Судья Эльмира Асубаева Қайша Ақанды Қытайға қайтармай, Қазақстанда қалдырып, алты ай шартты жазаға кесті.

Сот Қайша Ақанның қылмысына шын өкінетінін, ісін мойындағанын ескере отырып, шартты жазаны алты ай пробациялық бақылаумен алмастырды.

Судья шешім шығарғанда Ақанның Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққанын, этникалық қазақ екенін, пана іздеуші куәлігі барын, босқын мәртебесін сұрағанын, Қазақстан азаматын алуға басым құқығы барын, Қытайда ешқандай қылмыс жасамағанын, Қытайдан Қазақстанға бірнеше рет өте алмағанын ескергенін айтты.

Жарыссөз кезінде прокурор Арзыгүл Имярова судьядан Шыңжаң қазағын Қытайға қайтармауды, алты ай пробациялық бақылау тағайындауды сұраған. Қайша Ақанның өзі де соттан Қытайға қайтармауды және бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Қайша Ақанның үстінен Қылмыстық кодекстің «Шекараны заңсыз кесіп өту» (392-бап) бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша, «шекара бұзған адамның» айыбы дәлелденсе, бір жыл бас бостандығынан айырылып, артынша келген еліне қайтарылады.

Прокурор судьядан үкім шығарарда Қайша Ақанның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, Қытайдан Қазақстанға үш рет өте алмағанын, Қазақстан азаматына күйеуге шыққанын, айыбын мойындағанын ескеруді өтінді.

43 жастағы Қайша Ақан 12 қарашадағы сот отырысында «шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындаған». Ол бұл қадамға «Қытайдағы қысымнан қауіптеніп барғанын» айтады. Сөзінше, Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен. Қайша Ақан қарашадағы сот отырысында Қазақстаннан пана сұраған.

Қайша Ақан 2019 жылы тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазып, шекарадан заңсыз өткені жайлы хабарлаған. Артынша ҰҚК Ақанның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Шекараны заңсыз кесіп өткен уақыттан ҰҚК-ға барғанға дейін оны «ешкім іздемеген».

Azattyq