Сот «ҚДТ-қатысы бар» деп күдікке ілінген жалғызбасты ананы абақтыда қалдырды

0

Бүгін, 11 шілдеде Алматы қалалық соты екі айға қамауға алынған жалғызбасты әйел Жазира Демеуованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Сотта Жазира Демеуова болған жоқ, процеске тек оның адвокаты Гүлнара Жуаспаева мен прокурор қатысты. Сот отырысына барған Азаттық журналистерін сот залына кіргізген жоқ.

«Демеуова күдікті деп танылған 405 бап – аса ауыр қылмысқа жатпайды және оған айыппұл салу жазасы қарастырылған. Алғаш рет жауапқа тартылып отырған адамға айыппұл салынуы тиіс. Осындай жаза қарастырылған істі тергеу барысында Демеуованы қамауға алудың қандай қажеті бар? Оның үстіне Демеуованың кәмелет жасына толмаған баласы бар. Ол үйқамақта болу ережесін бұзған жоқ» деді сот залынан шыққан адвокат Азаттық тілшісіне.

48 жастағы Жазира Демеуова 3 шілдеде тергеу изоляторына қамалған. Оған полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Толғанай Ержанованың «Демеуова үйқамақта отыру ережесін бұзды» деген шағымы негіз болған. Демеуованың өзі «елде тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бары» туралы қылмыстық істе күдікті.

Тергеуші өтінішінде «Демеуова үйқамақта отырса да, [Нұр-Сұлтан тыйым салған] «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының Алматыдағы ахуалды тұрақсыздандыру үшін биыл 6 шілдеде өткізгелі жатқан рұқсат етілмеген митингісіне шақырып жүрді» деп жазылған.

Демеуованың адвокаты Гүлнара Жуаспаеваның сөзінше, прокурор үйқамақта отыру ережесінің бұзылғанына дәлел барын айтқанымен, сот кезінде айғақтарды көрсетпеген. Жалғызбасты әйелдің кәмелетке толмаған қызы бар. Сондай-ақ Демеуованың тағы бір қызы кешке дейін жұмыс істеп, үйқамақтағы анасына екі баласын тастап кетіп жүрген. Жуаспаеваның айтуынша, қазір балаларға Демеуованың үлкен қызы бас-көз болып отыр.

1 маусымда Алматының тергеу соты Жазира Демеуованы, жалғызбасты әйел Гүлзипа Жаукерова мен көп балалы ана Оксана Шевчукті екі айға үйқамаққа алған.

Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Оксана Шевчук — 1 мамырда Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы кезінде ұсталған ондаған азаматтың бірі. Мамыр айының ортасында олардың Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Күдіктілер «ҚДТ-ға мүше емеспіз, бірақ бағдарламаларының кейбір тұстары ұнайды» дейді.

Azattyq