Сот Путин, Медведев, Песков және Сечинді әлеуметтік топ деп таныды
Татарстан соты Ресей президенті Владимир Путинді, оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песковты, премьер-министр Дмитрий Медведевті және «Роснефть» басшысы Игорь Сечинді әлеуметтік топ деп таныды. Бұл туралы «Агора» халықаралық құқық қорғау тобының басшысы Павел Чиков хабарлады.
Сот жергілікті тұрғын Радислов Федоровтың үстінен «араздық немесе өшпенділік туғызды» деген бап бойынша істі қараған. Оны осы баппен кінәлі деп санап, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жариялаған екі видеоролигі үшін 10 мың рубль айыппұл салған.
Видеоның бірі «Димон, сен кімсің» («Димон, ты кто такой») деп аталады. «Сарапшылардың қорытындысы бойынша видеороликте В.Путин, Д. Медведев, Д. Песков, И. Сечинді белгілі бір әлеуметтік топ – билік өкілдері ретінде жеккөру немесе өшпенділік туғызу белгілері және олардың қадір-қасиетіне нұқсан келтіру белгілері байқалған,- деп Павел Чиков сот шешімінен дәйек келтірген.
Татарстан Жоғарғы соты Федоровтың апелляциялық шағымын қаңтардың 15-іне қарайды.
11 қаңтарда Набережные Челны қаласында «Судья Грэмм» веб-сериалының авторы Кәрім Ямадаевты тұтқындалған. Ол видеода «Песков», «Сечин» және «Путин» деген жазуы бар тақтайша ұстаған адамдарды өлім жазасына кескен судьяның рөлін ойнаған. Сот Ямадаевты интернетте террорға шақырды деп айыптаған.
Бұрын Ямадаев Тергеу комитеті ғимаратының алдында Владимир Путин зираты секілді инсталляциясы үшін 28 тәулікке қамауға алынған.