Сот «Квартал» газетінің редакторы Елена Кузнецованы ақтады

0
45

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы алғашқы инстанцияда «жала жабу» бабы бойынша кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығы шектелген «Квартал» газетінің тілшісі Елена Кузнецованы ақтау туралы шешім шығарды. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне журналистің өзі хабарлады.

– Бұл біз үшін нағыз жеңіс болды. Кеше жүрегіміз жарылардай қуанып, жыладым, – деді Елена Кузнецова 19 маусымда Азаттық тілшісіне.

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы сайтының жазуынша, сот алқасы құрамына кірген судьялар Любовь Тригуб, Юлия Иванова және Әлия Айсина сотта Кузнецованың шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты қасақана таратты деген дерек дәлелденбегенін айтқан. Бұған қоса, сот алқасы алғашқы инстанцияда қылмыстық-атқару кодексінің 24-бабында жазылған «істі жан-жақты, объективті қарау» туралы талаптар орындалмағанын, іс бойынша барлық дәлелдердің толық зерттелмегенін де атап өткен.

Журналистің сотқа тартылуына өткен жылы басылымда жарық көрген үш мақала негіз болған: “Ресейлік инвестордың сыры” (8.11.2018 ж.), «Ресейлік инвестордың әшкереленуі» (15.11.2018 ж.), «Ресейлік инвестордың бұлыңғыр схемалары» (22.11.2018ж.). Сотқа шағым түсірген ресейлік кәсіпкер Герман Мазур және оның әріптесі Олеся Дацко мақалаларда жазылған кейбір деректердің шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.

Наурыз айында Петропавл соты Елена Кузнецованың бостандығын бір жылға шектеп, 35 мың теңге айыппұл салған еді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар көптен бері Қазақстанда жала жабу бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы мәлімдемелер жасап келеді. 2016-2017 жылдары бұл бап бойынша 93 адам сотталған.

Azattyq