Сот Есірткіден оңалту орталығының шағымын қанағаттандырмады

0

11 сәуірде Қарағанды облыстық соты «Есірткіге тәуелділер мен маскүнемдерді сауықтыруға арналған рухани орталығы» қоғамдық бірлестігі түсірген апелляциялық шағымды қанағаттандырмады. Сот «Сарытөбе ауылындағы орталық ғимараты ондағы тұрғындардың меншігі емес» деген шешім шығарды.

Жауапкер — Бұқар жырау аудандық әкімдігі. Жергілікті билік бұған дейін Азаттыққа «ғимарат ешкімнің меншігі емес, жер телімі мемлекет меншігінде» деген.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, орталық ғимараты тасқын қаупі бар аймаққа жақын орналасқан, сондықтан ол жер қауіпті. Әкімдік Нұра-Сарысу инспекциясының дәлеліне сүйенген.

— Соттан алғашқы шешімді өзгертпеуді, апелляциялық шағым беруші тараптың өтінішін қанағаттандырмауды сұраймыз — деді әкімдік өкілі, заңгер Ерболат Тоқмырза.

Облыстық сот оның пікірін қолдап, әуелгі үкімді күшінде қалдырды. Шешімге орталық өкілі қарсы шықты.

— Түсініксіз сот. Шағымның мазмұны бір бөлек, бірақ үкімді басқаша түсіндіреді. Әкімдік несіне әлеуметтік-саяси ахуалды ушықтырады? Олар орталықта тұрып жатқан көп балалы отбасылардың Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің төрағасына (Нұрсұлтан Назарбаев — ред.) баруын қалай ма? Сот қарсы болып, әкімдік кедергі жасап жатса, басқа не істейміз? — деді Юрий Морозов.

Отырыста судьяның «орталық ғимараты мен ондағы тұрғындардың жағдайы не болады?» деген сауалына не әкімдіктің, не Нұра-Сарысу инспекциясының өкілі жауап бермеді.

Орталық Бұқар жырау аудандық әкімдігінен ғимаратты жеке меншікке беруді талап етіп, сотқа шағымданған. Арызды ауданаралық экономикалық сот 2019 жылы 17 қаңтарда қарап, қанағаттандырусыз қалдырған. Кейін орталық облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген.

Сарытөбедегі оңалту орталығы 1999 жылы ашылған. Орталыққа содан бері әр өңірден адамдар келіп, емделіп жүрген. Түрмеден шыққандар да осы орталыққа келіп, кейбірі отбасын құрып, қалып қойған. Қазір мұнда алты отбасы өмір сүріп жатыр.

Azattyq