Сот Болат Әбіловке Абзал Құспанды «биліктің адамы» деген сөзі үшін айыппұл салды

0

23 тамыз күні кешке мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты адвокат Абзал Құспанның арызын қарап, кәсіпкер, оппозициялық саясаткер Болат Әбіловке «Жала жабу» бабы бойынша айыппұл салды.

Айыппұл сомасы 572 400 мың теңге (180 АЕК).

Адвокаттың айтуынша, сотқа жүгінуге Әбіловтың журналист Дәнеш Байболатпен берген сұхбаты себеп болған. 31 шілдеде Майдан YouTube арнасында жарияланған сұхбатында Болат Әбілов қаңтар оқиғасы туралы сұраққа жауап бере отырып, адвокат Абзал Құспан мен Айман Умарованы «билік адамдары», «қызыл заңгерлер» деп атады. Абзал Құспан Әбіловтың сөзін жала деп есептеп, 17 тамызда сотқа шағым түсірген.

23 тамыздағы сот отырысынан кейін Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында бұл істің «әкімшілік сотпен шектелмейтінін» жазды. Oның айтуынша, олар «ар-намыс пен абыройды, іскерлік беделді қорғау» бойынша азаматтық істі қарайды.

Болат Әбілов сот шешімімен «келіспейтінін» айтып, аппеляциялық шағым әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Ол қаңтарда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездесіп, наурызда президенттен хат алған Абзал Құспанның әрекетіне баға берді. Оның айтуынша, сот отырысына дайындалуға аз уақыт қалды, ол соттан отырысты кейінге қалдыруды сұрағанымен, судья өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Адвокат Абзал Құспан қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынғандарға қатысты қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шарасына өзгерту мәселелерімен айналысатын «Аманат» қоғамдық комиссиясын құрды.

Ол сол кезде Алматы, Талдықорған және Шымкент қалаларындағы тергеу изоляторларында қамауда отырған тұтқындармен кездесті. Сол кезде жұртшылық арасында Абзал Құспан «биліктің адамы» болуы мүмкін деген пікірлер болған.

11 ақпанда Азаттық тілшісінің сауалына жауап берген Абзал Құспан «Аманат» комиссиясын құру биліктің тапсырмасы емес, оның бастамасы екенін айтты.

Айта кетейік, Болат Әбілов – белгілі қазақстандық кәсіпкер және саясаткер. 2000 жылдардың басында ол «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің саяси кеңесінің мүшесі, сол кездегі «конструктивті оппозиция» саналатын «Ақ жол» партиясының тең төрағасы болды. 2013 жылдың қыркүйегінде Әбілов саясаттан кеткенін және «шығармашылық жоспарлармен» айналысу туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

2022 жылғы қаңтардағы қанды оқиғадан кейін Болат Әбілов желіде бейнеүндеу жариялап, халықты Алматыдағы Республика алаңында өтетін «қаралы митингке» шығуға шақырды. Бұл митингте Әбілов тұңғыш президент туралы заңның күшін жойып, Назарбаев даңғылының атауын Қаңтар деп өзгерту (қаңтар оқиғасын еске алу) және сол жерге ескерткіш орнату қажеттігін мәлімдеді.

24 маусымда Болат Әбілов «Елге қайтару» қорын құратынын хабарлады. Ол қордың мақсатын «елден ұрланған ақшаны Қазақстанға қайтару» деп атады.