Сот белсенді Қайырлы Омардың жазаны қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды

0

12 ақпанда Нұр-Сұлтанның Байқоңыр аудандық соты белсенді Қайырлы Омардың «жұмсақ режимді колониядағы бір күнін екі күнге есептеп», жазаны қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот қаулысына шағым түспесе, белсенді 15 күннен кейін босатылады.

Судья Нұрлан Баяхметовтің айтуынша, Омардың 2018 жылдың 4 шілде — 19 шілде, 2019 жылдың 16 қазан мен 30 желтоқсан аралығында түрмеде өтеген мерзімін екі есеге азайтып, қайта есептеді. Бірақ оның сот залынан бірден босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Азаттық тілшісінің айтуынша, Қайырлы Омардың өзі белгісіз себеппен сотқа әкелінген жоқ. Ол интернет арқылы сотқа қосылды. Тіпті сот отырысының мерзімі 11 ақпанда күтпеген жерден ауыстырылып, адвокатына кешке хабар айтылған. Бірақ соған қарамастан 12 ақпан күнгі сот отырысына өте көп адам келді. Олардың бір бөлігі сотқа кіргізілмегендіктен наразылық танытып, сот залына басып кірді.

Қайырлы Омар журналистерге видео түсіруге рұқсат сұрап, отырысты ашық өткізуді сұрады. Бірақ судья өтінішті қанағаттандырған жоқ. Судья Қайырлы Омарды сот залынан босатпағаннан кейін белсенділер ғимараттың сыртында «Бостандық!» деп айқайлап, Омарды босатуды талап етті.

Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық соты 29 қазанда «Жер тағдыры» қоғамдық ұйымының басшысы Қайырлы Омарды бас бостандығынан екі жылға айыру туралы үкім шығарған.

Оған әуелде Қылмыстық кодекстің 189-бабындағы «сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салды» деген айып тағылған еді. Ал кейін айыптау бабы «Өкілеттікті теріс пайдалану» (Қылмыстық кодекстің 250-бабы) деп өзгертілген.​ Қаңтар айында оның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. ​

59 жастағы белсенді Қайырлы Омар қамауға алынғанға дейін «Азат шаңырағы» жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы қызметін атқарған. Омарға қатысты қылмыстық іс ол басқарған кооператив үйлеріндегі пәтерлердің бірін жалдап тұрған Жанар Қозыбақованың полицияға «жөндеу жұмысы үшін төлеген 4 мың теңгемнің қалай жұмсалғанын білгім келеді» деген арызынан соң қозғалған.

Оқи отырыңыз: Қайырлы Омардың жақтастары биліктен оны ақтауды талап етеді

Azattyq