Сот белсенді Қайырлы Омардың шағымын қанағаттандырмады

0

18 сәуірде Нұр-Сұлтандағы Сарырақа аудандық №2 соты белсенді Қайырлы Омардың судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Қайырлы Омар 17 сәуірде өткен сот отырысында судья Элизавета Атшыбаеваны «қарсы тарапқа көмектесті» деп айыптаған.

Қайырлы Омар «адвокатым арызданушы Жанар Қозыбақоваға қойған сауалды судья үш мәрте себепсіз кері қайтарды. Судья Атшыбаева істі айыптау бағытында жүргізіп, соған лайықты жауаптар алуға тырысты. Судьяның мұндай әділетсіз әркетінен соң оған қарсылық білдіріп, сотты ауыстыруды талап еткеннен басқа шарамыз қалмады» дейді.

Адвокат Данияр Ахтанов судьяның әрекеті арызданушыны қолдағандай көрінгенін айтады.

Прокурор Олжас Мейірханов «сотқа сенмсіздік білдіруге негіз жоғын, судьяның барлық мәселені объективті қарағанын» айтты.

18 сәуірдегі отырыста екі тарапты тыңдаған судья Әзизбек Мұсабеков Қайырлы Омар мен адвокаттарының шағымын қанағаттандырмады. Келесі сот процесі 23 сәуірде өтеді.

Қайырлы Омар «Азат шаңырағы» пәтер иелері коопертивінің төрағасы болып жүргенде «ПИК қаржысын жымқырды» деген күдікпен 2018 жылы 5 шілдеде қамауға алынған. Оның үстінен кооператив қызмет көрсететін үйдің тұрғыны «жөндеуге деп берген ақшамды (4 мың теңге — ред.) ақтамады» деп арыз жазған.

Кейін ол кепіл қойып, үйқамаққа шыққанымен, полиция «Қайырлы Омар үйқамақта ұстау шартын бұзды» деп, былтыр 16 қазанда екі айға тұтқындап, тергеу изоляторына қайта қамаған. Одан соң Есіл аудандық №2 соты Қайырлы Омарды қамауда ұстау мерзімін төрт мәрте ұзартқан.

Қайырлы Омар мен оның жақтастары істің саяси себебі бар деп санайды. Қайырлы Омар бірнеше жылдан бері Қазақстандағы түрлі наразылық шараларына қатысып жүрген белсенді. Оны 2018 жылы мамырда да «бейбiт митинг өткiзу тәртiбiн бұзды» деп айыптап, жеті күнге қамаған.

Azattyq