Сот белсенді Асхат Берсәлімовке айыппұл салды
Алматының Алмалы аудандық сотында 47 жастағы белсенді Асхат Берсәлімовке қарсы жеке азаматтық арыз бойынша сот процесі аяқталды. Арызды қоғамда «жиһадшылар ісі» аталып кеткен қылмыстық істегі негізгі куәгер, 23 жастағы Асхат Шәрбат түсірген.
Судья Ернар Қасымбеков 3 қаңтар күні Асхат Берсәлімовке Асхат Шәрбатқа «тіл тигізді» деген айыппен 180 айлық есептік көрсеткішке тең (450 мың теңге немесе шамамен 1200 доллар) айыппұл салу туралы үкім кесті. Судья бұған қоса азаматтық шағым бойынша Берсәлімовтен Шәрбатқа моральдық шығын ретінде 200 мың теңге (шамамен 520 доллар) өндіріп алу туралы қаулы шығарды.
Сот отырысынан соң Асхат Берсәлімов пен оның адвокаты Серік Айтбаев Азаттық тілшісіне сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Бүгінгі сот отырысында Асхат Берсәлімов жауап беруден бас тартқандықтан тараптар жарыссөзге көшті. Асхат Шәрбат пен оның адвокаты Берсәлімовке «тіл тигізу» айыбымен қозғалған қылмыстық іс аясында 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салуды және моральдық шығын ретінде 200 мың теңге өндіріп беруді сұрады.
Адвокат Серік Айтбаев сот барысында бір де бір куәгер сөйлемегенін, ал жәбірленуші өзіне тіл тигізілгенін дәлелдейтін видеожазба немесе басқа да айғақтар көрсетпегенін мәлімдеді. Асхат Берсәлімов Асхат Шәрбатқа қарсы ешқандай заң бұзбағанын айтып, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емесін мәлімдеді.
Асхат Шәрбат бұған дейін белсенділер Сүйіндік Алдабергенов, Қарашаш Боданова және Асхат Берсәлімовті «жиһадшылар ісі» бойынша өткен сот тыңдауы кезінде өзін «көпшілік алдында тілдеді» деп айыптап, сотқа арызданған. Ол арызында үшеуінен моральдық зардап шектім деп, өтемақы өндіріп беруді талап еткен еді. 27 желтоқсанда өткен сотта 23 Асхат Шәрбат Сүйіндік Алдабергенов пен Қарашаш Боданованың үстінен берген арызын қайтарып алған.
«Жиһадшылар ісі» бойынша алматылық белсенділер Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміров жеті жыл мен сегіз жыл аралығындағы мерзімге сотталған. Сотталушылар мен олардың адвокаттары Асхат Шәрбат сотта қарама-қайшы куәлік берді деп, оны жауапқа тартуды сұраған. Бұл істі қараған судья Қуаныш Әріпов 21 желтоқсан күні үкімнің қарар бөлігін оқыған соң куәгерлер жауабына баға беретінін айтқан. бір куәгердің үстінен жеке сот қаулы шығарғанын айтқан. Бүгін судья әріповтің үш куәгерге жеке сот қаулысын шығарып, оларды жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапқа тартуды ұсынғаны белгілі болды. Үш куәгердің арасында Асхат Шәрбаттың аты-жөні айтылмайды.
Дереккөз: Азаттық