Соқпағын таппақ стартап | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының партиялық тыңдауында аймақтағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Іс-шараға Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Гүлжанар Шөкеева, облыстық әкімдік жанынан ашылған Smart Aqmola мекемесінің жетекшісі Ғалымжан Бежентаев, Kazakhstan Innovations қоғамдық қорының төрайымы Мәриям Әбішева қатысып, партиялықтардың сұрақтарына жауап берді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы жетекшісінің сөзіне сенсек, Қазақстанда баламасы жоқ «Smart Рухани Ақмола» мобильді қосымшасы шығарылып, оның ішіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған бірнеше жоба енген.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2013 жылы Ақмола облысында 3 станса пайдалануға беріліп, бүгінде 5 станса құрылысы аяқталған. 2019 жылы тағы қосымша 40 стансаның құрылысы жүргізілмекші. 2021 жылға қарай барлық облыс көлемінде 40 цифрлы станса жұмыс істеуге көшеді.
Биыл облыс әкімдігі жанынан құрылған Smart Aqmola мемлекеттік мекемесінің жұмыс барысын жетекшісі Ғалымжан Бежентаев баяндады. Оның айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық құжаттаманы электронды түрде жүргізу пилотты жобасына Ақмола облысы енген. Осы арқылы бүгінде аймақ бойынша электронды денсаулық паспорты, онлайн дәрігерге жазылу, халықтың медициналық барлық жазбаларымен танысуға мүмкіндік бар.
«Бірыңғай геоақпараттық онлайн сервис» партиялық жобасы аясында жүзеге асқан ілкімді істер жайында Kazakhstan Innovations қоғамдық қорының жетекшісі Мәриям Әбішева баяндады. Қоғамдық қор бүгінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп, «Бірыңғай геоақпараттық онлайн сервис» партиялық жобасын жүзеге асыруды бастап кеткен. Соның нәтижесінде Ақмола облысының интерактив картасы жасалған. Осылайша, жеке кәсіпкерлер үшін бос жатқан жер телімдері картаға енгізіліп, толық мағлұматы да қосарлана жазылған.
Негізгі баяндамашыларды тыңдаған нұротандықтар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының Ақмола облысында жүзеге асырылуына оң баға берді. Партиялық тыңдауларды қорытындылай келе партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов цифрлы технологиялардың дамуы ХХ ғасырдың негізгі талабы екенін атап өтті.
– Бірнеше жылдан соң өміріміздің барлық саласында цифрлы технология басымдыққа ие болады. Ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету саласында белгілі жетістікке жеткіміз келсе, сәйкесінше мықты кадрларды, стартап жобаларды бүгіннен бастап дайындауымыз керек, – деп түйіндеді отырысты ол.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ
Дереккөз: Айқын