Соңы немен аяқталатынын білмейміз – Зеленский атом стансасындағы өрт туралы

0

Украина президенті Владимир Зеленский Запорожье атом электр стансасында шыққан өртке алаңдаушылық білдірді.

Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, Зеленский өз үндеуінде Запорожьедегі өрт салдары екінші Чернобыльге айналуы мүмкін деген болжам айтты.

«Стансадағы өрттің немен аяқталатынын, жарылыстың болатын, болмайтынын білмейміз. Оны ешкім болжай алмайды» деді Зеленский.

Украина президенті Америка және Еуропа елдерімен байланысқа шыққан.

«Көшбасшылармен, серіктестерімізбен хабарластық. Шарль Мишельмен (Еурокеңес президенті), Шольцпен (Германия канцлері), Дудамен (Польша президенті), президент Байденмен сөйлестім. МАГАТЭ басшысы Гроссимен, премьер-министр Джонсонмен байланыстым. Барлығын ескертіп жатырмыз» деді Украина президенті.

Ол сондай-ақ шұғыл әрекет ету керектігін еске салды.

«Еуропа оянуы керек. Еуропаның ең үлкен атом стансасы дәл қазір өртеніп жатыр. Ресей танкілері атом блоктарын атқылауда. Бұл тепловизормен жабдықталған танкілер. Яғни, олар қайда оқ атып жатқандарын біледі. Олар бұған дайындалған. Бұл сөзімді барлығына арнаймын… Чернобыль қасіретін білетін әр адамға!

Ресей оны қайталағысы келеді, тіпті қайталап та жатыр. Тек бұл жолы 6 есе көп болады.

Еуропалықтар, ояныңыздар, өтініш. Өз саясаткерлеріңізге айтыңыздар: орыс әскерлері Украинадағы атом стансасын атқылауда. Запорожье атом стансасын.

Барлығына ескертеміз: Ешқашан бірде-бір мемлекет атомдық электр блоктарын атқылаған емес.

Бұл біздің тарихымызда, адамзат тарихында алғаш рет. Террорист мемлекет ядорлық террорға көшті.

Ресей насихатшылары әлемді ядролық күлмен көміп тастаймыз деп қорқытқан. Енді бұл жай ғана қоқан-лоқы емес, шындық.

Ресей әскерін шұғыл түрде тоқтату керек.

Саясаткерлеріңізге: «Украина дегеніміз – 15 атом блогы» деп айқайлаңыздар.

Жарылыс болса – бәріміздің халіміздің біткені. Еуропаның соңы. Бұл – Еуропадан эвакуациялау.

Еуропаның шұғыл әрекеттері ғана Ресей қарулы күштерін тоқтата алады. Атом стансасындағы апаттан Еуропаның жойылуына жол бермеңіздер» деді Украина президенті.

Еске салсақ, 4 наурызға қараған түні Запорожье атом стансасында өрт шыққан. Оны Дмитрий Орлов растады.