Соңғы үкім: 23 мамырдан ел кинотеатрларында А. Байтұрсынұлы туралы фильм көрсетіледі

0

Астанада «Соңғы үкім» фильмінің алдын ала жабық көрсетілімі өтті. Бұл — қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы жайлы туынды.

Фильмнің сюжеті Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянына негізделген. Тарихи драманы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Folklore media студиясы түсірген.

Жабық көрсетілімге қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева фильмді түсірген белгілі қаламгер, режиссер, продюсер, қазақ телевизиясына да елеулі үлес қосқан Ғалым Доскен бастаған топқа алғыс айтты.

Көркем фильмді түсіруге екі жылдан астам уақыт кеткен.

«Естеліктерінің өзінде қайшы тұстар кездеседі. Оның өзі қаншалықты рас екенін тексеріп алу керек. Сондықтан біз барынша сол кездегі жағдайға, сол кездегі шындыққа, сол кездегі саяси жағдайға осы фильм жауап бере ала ма, жоқ па дегенге басымдық бердік», — дейді кино продюсері.

Айта кетейік, фильмде басты рольді, яғни Ахметті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды сомдады. Сондай-ақ картинаға Дарья Александрова, Еркебұлан Дайыров, Айдар Наурызбаев түскен. Туынды 23 мамырдан бастап ел кинотеатрларына жол тартады.