«Соңғы хат жазып, бастығын кінәлаған»: Түркістанда өзіне қол салған полицейдің туыстары жан айқайын жеткізді

0

Түркістан облысында полиция қызметкері өзіне қол салған. Ішкі істер органында 13 жыл жұмыс істеген Ратбек Жүзеев қоштасу хатын да қалдырған екен. Бір парақ қағазда оның өліміне бастығының кінәлі екені жазылған. Бірақ соған қарамастан күдікті анықталмай жатыр дейді марқұмның жақындары. Қара жамылған отбасы арада екі ай өтсе де тергеу сағызша созылып, майордың қазасына қатысты мардымды жауап ала алмадық деп ашынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тоқтар Назарбеков пен Қаршыға Жүзеева Ордабасы ауданында өзіне қол салып қайтыс болған полицейді іздеп тапқан. Марқұм Ратбек Жүзеев қарындасына кешірім сұрап хат жазып, мекенжайды жіберген екен. Содан бір сұмдықты сезген ерлі-зайыпты көрсетілген жерге жарты сағатта келгендерін айтады.

“Кітапша былай жайылып тұрды. Бірден түсіндім. Ана жерде күртеше ілініп тұрғандай болды. Күртеше дегенім ағамыз болып шықты ғой. Жарты сағаттай кешігіп қалдық. Өйткені денесі әлі жылы еді ол кезде”, – дейді марқұмның туысы Тоқтар Назарбеков.

Марқұм қоштасу хатын қалдырған екен. Ол жерде мұндай қадамға баруына бастығым кінәлі деп жазады. Бірақ асты сызылып, анық көрсетілген бұл ақпарат та ештеңеге дәлел болмады дейді Ратбек Жүзеевтің анасы.

“Кінәлі адам әлі жұмыс істеп жүр, ешқандай жаза қолданылған жоқ”, – деді қайғыдан қан жұтқан марқұмның анасы Гүлжамаш Жүзеева.

Қара жамылған отбасы ұлдарына басшылық тарапынан қысым көрсетілгеніне сенімді. Айтуларынша, өзіне қол салардан бір күн бұрын әріптесі Ратбектің әкесін шақырып баласына қатысты қылмыстық іс қозғайтынын айтқан. Ал ертеңінде өзен жағасынан өлі күйде табылыпты.

“Келгеннен кейін баламнан сұрадым “не жағдай болып жатыр” деп. “Әкесіне қару істеп бергенмін. Нағашысына қару істеп бергенмін. Сол нәрсенің бәрін тегін істедім. Ішкендердің, куәлігінен айырылғандардың протоколын жоқ қылып, ақшасын маған әкеп бер деді. Мен ол тірлікті істей алмаймын дедім (баласы)”. Балам қатты қысым көрген ғой енді. Қысым көрмесе осындай жағдайға жетер ме еді”, – дейді марқұмның әкесі Әзерталы Жүзеев.

Мәселенің мән-жайын білу үшін полиция бөліміне де бардық. Бірақ бастық әкіммен кездесуде жүр екен. Оның орнына сұхбат беруге баспасөз хатшысы да шықпады.

Түркістан облысының полиция департаменті «өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр” деп қысқа қайырды. Бұл істе күдіктінің бар-жоғы әзірге белгісіз.

Айта кетейік, 13 жылда учаскелік полицейден әкімшілік полиция бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтерілген Ратбек Жүзеевтің артында екі ұлы мен бір қызы қалды. Көзі тірі болғанда атпалдай азамат келесі апта 34 жасқа толар еді.

Бұған дейін Түркістан облысында үш баласы бар әйел жұмбақ жағдайда қаза болғанын жазған едік. Жиырма тоғыз жастағы Рима ауылдан бес шақырымдай қашықтықтағы құбырдан табылған. Полиция істі суицид деп тіркеген. Бірақ жақынынан айрылған отбасы бұған келіспейді.