Солтүстік Қазақстанның шетел ЖОО-рымен  әріптестік байланысы нығайып келеді

0

Осы уағдаластық аясында  жергілікті төрт студент Саха елінде  оқып, тәжірибе жинақтап келген еді. Енді, міне, көрші елдің  студенттері осында агрономия мен орман ресурстары және орманшылық мамандықтары бойынша білімдерін жетілдірмек.

«СҚМУ Қазақстанда жетекші оқу орындарының бірі саналатындықтан, студенттеріміз  келуге құштар. Мұндай әріптестік байланыс  екі жаққа да тиімді. Бір-бірімізден үйренеріміз көп», дейді Якут мемлекеттік ауылшаруашылық академиясының оқыту және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Анна  Черкашина.

Саха жерінде білімін жетілдірген студенттердің бірі Дана Әділова көрші елде агрономия бағыты бойынша дәріс алыпты. Білім беру жүйесі ұқсас болғандықтан тез бейімделіп кетіпті. Табиғаты қатал аймақта өсімдік шаруашылығына маманданыпты. Жылқы шаруашылығы жақсы дамығанмен, орманды алқаптарды іске ұқсату кенжелер қалған.  Бұл олқылықты  білімін жетілдіруге келген  Мирослав Максимов та мойындайды. Орманшылықтың қыр-сырын жете үйреніп, ел пайдасына жаратқысы келетінін айтады.

Университетте  «Ұтқыр» бағдарламасы бойынша Ресейдің Урал федеральді университеті және Словакияның оқу орындарымен тәжірибе алмасу жөнінде келісім жасалған. Бұдан бөлек жергілікті студенттер Германия, Қытай сынды  мемлекеттерде тәжірибе алмасып қайтыпты. Меруер Егізбаева Қытайдың Шенци провенциясында болып, заманауи технологиялармен жұмыс істеуге төселіпті.

Ауыл шаруашылық кафедрасының меңгерушісі Мұрат Тоқтардың айтуынша, Қытай елінің Солтүстік – Батыс ауылшаруашылық университетімен «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша әріптестік қатынас орнатылған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/