Солтүстік Қазақстанда полиция бөлімі бастығының орынбасары ұсталды

0

 Оның тікелей басшысы, аудандық полиция бөлімінің бастығы қол астындағы қызметкерінің заңсыз әрекеті үшін қызметінен босатылды

ПЕТРОПАВЛ, 22 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары 1,3 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«21 сәуірде Шал ақын аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Ол ішкі істер органдарынан шығарылды. Оның тікелей басшысы, аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінен босатылды», — деді ведомство мамандары.

Сонымен қатар бірқатар басшы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде департамент бастығының екі орынбасары бар.

Оқи отырыңыз: Подполковникті ұстау операциясының видеосы жарияланды 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пара алу дерегі негізінде Қазақстан Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, онда пара мөлшерінің 50 еселенген көлемінде айыппұл салу немесе мүлкін тәркілеп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Солтүстік Қазақстан полициясының бастығы Марат Төлебаев қылмыс төтенше жағдай кезінде, барлық қызметкер ерекше жағдайда жұмыс істеп жатқан уақытта жасалғанын атап өтті.



sputniknews.kz