Солтүстік Қазақстанда өткен өңіраралық форумда бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды
Нұрсұлтан Назарбаев іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде форумның тиімді мемлекетаралық алаңға айналғанын, Ресей Қазақстанның стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып табылатынын атап көрсетті.
«Бүгінгі форумда өте өзекті және маңызды мәселе екі ел арасындағы туризмі дамытудың жаңа тәсілдері мен алдағы перспектвалары қаралып, талқыланды. Туризм жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде де экономиканың даму құралы саналады. Қазақстан мен Ресей бұл үдерістерден шет қалмауы тиіс. Бізге жол ашылып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек», деді Мемлекет Басшысы.
Қазақстан Президенті форумның екіжақты өңіраралық іскерлік қарым-қатынастарға жаңа серпін беріп, ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашатынына сенім білдірді.
Алқалы бас қосу қорытындысында шекаралық өңірлердің туризмін дамыту бойынша маңызды шешімдер алынып, үкіметаралық бірлескен құжаттар мен меморандумдарға қол қойылды. Туристік және көліктік-логистикалық инфрақұылым іс-қимылдарын үйлестіру, шекаралық бақылаудан кедергісіз өту, құжаттарды рәсімдеуді жеңілдету,Каспий әлеуетін бірлесіп игеру, Байқоңыр ғарыш айлағында туристік кластерді дамыту секілді келелі мәселелер қамтылды.
Екі тарап Қазақстан мен Ресей шекаралық аймақтарында туристердің қызығушылығын тудыратын жүзден астам туристік маршрутты бірлесіп жүзеге асыруға келісті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы