Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік марапат 75 жылдан кейін иесін тапты
Ол 27 жасында соғысқа аттанған. 1943 жылы сұрапыл шайқастардың бірінде көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік марапатқа ұсынылған. Алайда, ауыр жарақат алып, 3 ай госпитальда жатқандықтан награда тапсырылмай қалса керек. Қарапайым еңбек адамы 1986 жылы дүниеден өткенше ешкімге награда жайлы тіс жармаған.
«Екі ағам соғысқа дейін дүниеге келсе, мен 1948 жылы туыппын. Әкеміз соғыста танкист, бейбіт өмірде жүргізуші болды. Әскери тәртіптің адамы еді. Бізді шымырлыққа үйретті. Ерте тұрғызып, отбасымызбен жаттығу жасайтынбыз. Бірде немерелері интернетті қарап отырғанда «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын кездейсоқ білген. Іздестіре келіп ақпараттың рас екеніне көз жеткіздік», дейді қызы Раиса Уфельман.
Мемлекеттік награданы марқұмның ұрпақтарына Қазақстандағы Ресей Федерациясы елшілігінің атташесі София Гальчина салтанатты жағдайда табыс етті. Оның айтуынша, иелерін таппай жүрген марапаттар әлі көп көрінеді. Кей жағдайда құжаттар жоғалып кетеді. Хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің аты-жөнін анықтау да оңай көрінбейді.
Николай Михайловичтің тегі қате жазылыпты. Марапат парақшасында Николай Фондовой деп көрсетілгендіктен, уақытылы жетпей қалса керек. Десек те, «игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, арада 75 жылдан кейін награда иелерін тапты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстант облысы