Солтүстік Қазақстанда із-түзсіз жоғалған әжей табылды

0

Жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан Петропавл қаласының екі тұрғыны Instagram желісіндегі әжейдің суретін көріп, оны танып, бірден полицияға хабарлаған

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында із-түзсіз жоғалған 81 жастағы әжей табылды.

19 мамыр күні Прибрежное ауылының тұрғыны Қызылжар ауданының полиция бөліміне хабарласып, ұмытшақтығы бар 1939 жылы туған анасының жоғалғанын айтқан, деп хабарлайды Polisia.kz.

Аудандық полиция бөлімі мен облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Іздестіру топтары Петропавл қаласының маңындағы елді мекендерді, орман алқаптарын, саяжай қоғамдастықтарын тексерді. Қарт тұрғынды іздеуге еріктілер де қосылды. Әжейдің суреті мен ол туралы қысқаша ақпаратты танымал әлеуметтік желілерде дәл осы еріктілер тез арада жариялаған еді.

Оқи отырыңыз: Көкшетауда жоғалып кеткен әйелдің қайда екені анықталды 

20 мамыр күні Пестрое көлі маңындағы жеке секторда жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан Петропавл қаласының екі тұрғыны Instagram желісіндегі әжейдің суретін көріп, оны танып, бірден полицияға хабарлады.

«Қарт әйелдің соңғы тәулікте басынан қандай оқиға өткені есінде жоқ. Бірақ жағдайы жақсы. Одан жауап алған соң жақындарына табыс етеміз. Оның табылғаны жөнінде туыстарына хабарладық», – дейді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Сейілхан Жұмағұлов.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері із-түзсіз жоғалған адамдарға қатысты 122 арызды тіркеді. Қазіргі уақытта олардың 120-сы табылды.  



sputniknews.kz