Солтүстік Қазақстанда «Есірткіге қарсы күрес» акциясы бастау алды

0

Жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері, үкіметтік емес ұйымдар , мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда аймақ басшысының орынбасары Мадияр Қожахмет Елбасы  «Жастар жылының» ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде саламатты өмір сүру салтына зор маңыз бергенін,тәлім-тәрбие саласы бойынша бірқатар міндеттер қойғанын атап өтті. «Есірткісіз болашақ» акциясы жан-жақты қолдау табатынына сенім білдірді.

Жиналғандар назарына есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының тапсырмасымен түсірілген «Тұздар және  спайстар. Құрдымға апарар жол» атты бейнефильм ұсынылды. Онда есірткіге тәуелді болған баланың анасының аянышты тағдыры, дәрменсіздігі  үлкен ой тасайды.

Полиция департаменті әзірлеген ведомоствоаралық бағдарлама  маңыздылығымен, өміршеңдігімен ерекшеленді.

«Осыдан үш жыл бұрын өңірде  синтетикалық  есірткі заттары, тұздар мен спайстар пайда болып, жауыннан кейінгі саңырауқұлақ құсап қаптап барады. Оған тоқтау салмаса, адам ағзасына зияны өте мол  химиялық қоспалардан тұратыны түсіндірілмесе жастардың өміріне зор қауіп төндіреді. Синтетикалық  есірткі заттарына тәуелді жандар бір жылдан артық өмір сүре алмайды.Былтыр  оның зардабынан 50  солтүстікқазақстандықтың көз жұмуы—сөзіміздің дәлелі. Олардың 13-і– кәмелеттік жасқа толмаған балалар. 263 адамның есірткі тұтынатыны анықталды. Олардың 52-і синтетикалық заттармен әуестенеді. Синтетикалық есірткі сататын 60-тан астам сайт жабылды»,дейді есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жетекшісі  Жандос  Басыбаев.

«Надежда NORD» қоғамдық-қайырымдылық қорының төрағасы Евгений Заянцтың айтуынша есірткі заттарын үздіксіз қолдану  психикалық ауытқуларға, мидың зақымдануына, қоғамнан алшақтап, қылмыстық әрекеттер жасауға соқтырады. Жыл өткен сайын олардың қатары жасара түсуде.

Жиын соңында жастар арнайы дайындалған флешмобқа қатысты.  «Есірткісіз болашақ» атауы жазылған баннерге  қолтаңбаларын қалдырды.

Өткен жылы үйлердің қабырғаларына, дуалдарға  улы заттарды саудалайтын сайттарды жарнамалайтын жазбаларды қалдырған адамдарға 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салыныпты.

Мұндай танымдық  шаралар аудандарда да өткізілетін болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/