Солтүстік Қазақстанда далада қалған 5 көліктің жолаушылары құтқарылды
Фото: ІІД Баспасөз қызметі
Петропавл, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан полицейлері жұмыс режимін күшейтті. Соңғы тәулікте күннің қатты аяз болғанына қарамастан, жолға шығып, діттеген жеріне жете алмаған 4 көліктің жолаушылары құтқарылды.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Архангельское ауылының маңындағы облыстық маңызғы ие жолда Lada-X-Ray маркілі автомобиль табылды. Қатты аяздың әсерінен терезесіне мұз қатып қалған көліктің жүргізушісі түнде жолдан шығып кеткен. Оны өз учаскесін тексеріп жүрген полиция лейтенанты дер кезінде тауып алған. Қырағылық танытқан тәртіп сақшысы 4 адамды үсуден құтқарып қалды. Астанадан Ресейдің Екатеринбург қаласына бет алған жастар көше биінен жарысқа қатысу мақсатында жолға шыққан. Олардың барлығы жақын маңдағы ауылдағы жылыту бекетіне жеткізіліп, тамақтандырылған.
«Жылыту бекетінде түнеп шықтық. Мынадай аязда бізді полицейлер тауып алмаса, не боларын ойлаудың өзі қиын. Полиция лейтенанты Ерлан Бәшеновқа, көмектескен жандарға алғысым шексіз», — дейді көлік жүргізушісі Жандос Алшынбаев.
Уәлиханов ауданында да осыған ұқсас жағдай тіркелді. Көкшетау-Омбы тас жолында рейд жүргізу барысында жол жиегінде Хюндай автокөлігі табылған. Көлік салонында 4 ересек адам мен 2 жасөспірім болған. Суықтың әсерінен автомобильдің жанармайы қатып қалған. Жолаушыларға тиісті көмек көрсетіліп, қызылжарлық тәртіп сақшылары оларды Ресей Федерациясының аумағына дейін шығарып салды.
Соңғы тәулікте жолда қалған 5 көлік құтқарылды. Солтүстік Қазақстан облысында күннің қатты суытуына байланысты барлық мектептерде оқу тоқтатылды. Дизельдік отынмен жүретін көлік түрлеріне қаладан шығуға тыйым салынған.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ